RU

Оралдағы қазақша қате жазу мамандарды шошындырды

Оралдағы орталық көшеде орналасқан жеке адамдардың қолындағы дүкен, дәмханалардың қазақша атауы қатеге толы.

Мұндай олқылықты Облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен қалалық әкімдік өкілдері бірлесе өткізген тексеріс барысында анықтап отыр.

Теріс жазудан тазартпақ ниетте жасақталған топ кәсіпкерлік нысандарының атауларымен қоса, безендірілуіне де көңіл бөлді. Тексерілген нысандардың 90%-ның атауы қатемен жазылыпты, әрі "Тіл туралы" заңның талаптары өрескел бұзылған.

Бұл аздай жарнамаға толы ғимараттардың сыртқы қасбеті қаланың көркін қашырып тұр. Сонымен қатар, қазақ қаріптерінің жазылу ерекшеліктері де ескерілмеген.

Бірнеше мәрте ескерту алса да, сыннан сабақ алмаған кәсіпкерлерге әкімшілік жаза қолданылды. Айта кетейік, облыс бойынша 4 мыңнан астам түрлі кәсіпкерлік субъектісі бар. Тіл жанашырлары жіберілген қателіктерді дер кезінде түзетуге құзырлы мекеме қызметкерлерінің аздығы қолбайлау, дейді. Дегенмен, тексеру жұмыстарын жиілетпек ниетте.

"Біздер көбінесе ескертулермен шектеліп отырмыз. Енді құлақ аспағандарға, заң бұзушылықтарды қайталай берген кәсіпкерлерге, субъектілерге міндетті түрде жазаны беруді қарастырамыз", - дейді БҚО Тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Ерназаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/286624-oraldagy-kazaksha-kate-zhazu-mamandardy-shoshyndyrdy.html