RU

Бір отбасын қырып тастаған күдіктілердің бәрі кінәларын мойындады

Алматыда "бір отбасын қырып салды" деп айыпталған күдіктілердің  үшіншісі де өз кінәсын толығымен мойындады. Сондай-ақ судья Бұлтбай Мамытов оқиға куәгерлерінен жауап алды.

Тыңдау жабық есік жағдайында өтті. Куәгерлердің бірі - Наргиза Құрбаниязова. Ол қанды қылмыс болған сәтті әлі ұмыта алар емес. Себебі көршілері сол күні аулаға дастархан жайып, апаларына ас берген екен. Осы кезде келіншек үш азаматтың пәтерге кіріп бара жатқанын көрген.

Тіпті оларды астан ауыз тиюге де шақырыпты. Бірақ асығыс басқан жігіттер алды-арттарына қарамай, ішке еніп кеткен. "Тек арада жарты сағат өткеннен кейін, сол үшеудің бір отбасын ойрандап кеткенін естіп, жағамызды ұстадық", - дейді.

"Өзбек жігіт баланы қолына ұстап сыртта тұрған. Біз дастарханға келіңдер деп шақырып едік, өзі де баланы да жібермеді. Ешқандай күмәнданған жоқпыз. Туысы шығар деп ойладық. Алайда артынан болған жағдайды естіп шошып кеттік. Бірақ ешқандай да айқай-шу естілген жоқ. Ерлан жүгіріп келіп, айқайлап жүргенде жағамызды ұстадық", - дейді ол.

Көп кешікпей қолға түскен күдіктілерді куәгерлер бірден таныған екен. Сондықтан әйел, бала-шағасы мен бауырын өлтіріп кеткендерді Ерлан Сатыбалдыұлы "ешқашан кешірмеймін", - дейді. Тіпті судьядан ең ауыр жаза тағайындауды сұрамақшы. "Мүмкіндік болса өлім жазасына кессін" деп отыр. 

"Ешқандай кешірім жоқ бұл жауыздарға. Тек қана өлім жазасын атқару керек. Ату керек бұларды халықтың, қоғамның алдында. Сонда ғана біз елдігімізді, теңдігімізді сақтай аламыз", - деді ол.

Естеріңізге салайық, бұл қанды оқиға үстіміздегі жылдың 11-маусымында болған еді. Осы үйде жөндеу жұмыстарын жасаған Өзбекстан азаматы екі сыбайласымен бірлесіп, "Ержан Сатыбалдыұлының екі баласын, әйелі мен бауырын буындырып өлтірген" деп айыпталып отыр.

30 жастағы келімсектің мұндай жауыздыққа баруына сейфте сақталған қомақты қаржы себеп болған. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/287603-bir-otbasyn-kyryp-tastagan-kydiktilerdin-beri-kinelaryn-mojyndady.html