RU

Сильвестр Сталлоне өзі салған картиналарды көрсетті

Санкт-Петербор қаласында Голливуд актері әрі режиссер Сильвестр Сталлоне картиналарының көрмесі өтуде, деп хабарлайды BNews.kz.

Әйгілі "Рэмбо" пулеметін тастап, суретшілігімен әлемді таңғалдыруда. Санкт-Петерборда Орыс мұражайының Михайлов залында америкалық актер картиналарының көрмесі өтуде және 27 қарашаға дейін жалғасады.

Оның жұмыстарынан экспрессионизм мен импрессионизм рухы анық сезіледі, дейді осы сала мамандары. Көрменің ашылуына картина авторы Сильвестр Сталлоненің өзі де қатысты. "Мен атақты орыс суретшілері туралы жақсы білем. Сол себепті, менің картиналарымның Орыс мұражайына шығарылуы, айтып жеткізуге сөзім жетпей тұр, мен үшін күтпеген жағдай болды", - деп ағынан жарылды актер НТВ журналисіне берген сұхбатында.

Жұлдыздың жаңа қыры туралы естігендер бұл жаңалық емес, қазір қалтасы қалың екінің-бірі немен айналысса да ерікті деп ойлауы мүмкін. Алайда "Рембоның" бұл өнерді ермек қылғанына 35 жылдан асқан екен. Актердің айтуынша, ол ұзаққа дейін өз картиналарын бұқараның назарына шығаруға жүрексінген. Себебі, басты сыншысы – әйелі "сенің картиналарыңнан өзімшіл актердің бейнесі анық байқалады" деп сын айтқан екен.

65-тен асқан актердің жаңа қырына тәнті болғандар да аз емес. Оның бірегей туындылары үшін қыруар қаражат аямайтын азаматтар да баршылық. Мәселен, 2009 жылы АҚШ-тағы ең ірі казино желілерінің магнаты шымыр денелі суретшінің картинасын 40 мың долларға сатып алған. Бірақ актердің өзі жан дүниесінің айнасы іспеттес суреттерін сатуға ыңғайсызданады екен, оны сыйға тартқан әлдеқайда жеңіл деп санайды және картиналарының жартысын таныс-тамыларына сыйлап та жіберген.

"Фильм түсіргеннен гөрі, сурет салғаннан әлдеқайда көп ләззат аламын. Бір фильм түсіру үшін ондаған адам сабылып, әбігерге түсіп жатамыз. Ал картина – өзімді жалғыз сезінгенде тыныштықтан пайда болған туынды", - дейді көрме авторы.

Суретші Сталлоне сүйікті ермегі үшін ақша аямай, қағаз, бояу мен қылқаламдарды суретшілерге арналған Париждің үздік дүкендерінен сатып алатын көрінеді. Актердің айтуынша, бұрын суретшілікпен айналысуға оның жағдайы келмеген.

Таршылықта өмір сүрген талант иесі ақша табу жолында суретшілік арманын актерлікке айырбастауға мәжбүр болыпты. Ал қазір бала кезгі арманын жүзеге асыру үшін актердің ақшасы да, атағы да жеткілікті. Сондықтан ертелі-кеш "Рембоның" ермегі зор табыс көзіне айналып жатса, таңданбай-ақ қоюға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/287864-silvestr-stallone-ozi-salgan-kartinalardy-korsetti.html