Выйти
RU

Қазақстандық дәрігерлер жастарға ВИЧ инфекциясына тексерілуге кеңес береді

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Қазақстандық дәрігерлер жастардың отбасын құрмай тұрып, ВИЧ инфекциясына тексерілуіне кеңес береді. Қауіпті дерттің белең алуынан қауіптенген ақ халаттылар осындай қадамға баруға мәжбүр.

Алматы қалалық СПИД орталығы бұл ұсынысты Үкіметке де жолдады. Соңғы мәліметтер бойынша елімізде ғасыр індетін жұқтырғандар саны 21 мың адамнан асқан. Оның 4 мыңы Алматыда өмір сүріп жатыр.

Жылдар емес, күн санап қатары артқан науқастардың ресми саны 25 жылда 21 мың адамға жеткен. Мұндай қарқынды өсім әсіресе, дәрігерлер қауымын алаңдатып отыр. СПИД-тің алдын алуға миллиондаған қаражат жұмсалса да, өсім көрсеткішін тоқтату мүмкін болмай тұр.

Сондықтан, эпидемиолог мамандар жастар арасындағы насихатты күшейтуге күш салмақшы. Ол үшін ақ халаттылар жас жұбайлардың алдын ала жаппай ВИЧ-тесттен өтуіне кеңес береді. Оны заңмен шегелеу үшін Үкіметке қазір ұсыныс хат та даярлап қойған.

"Әрбір некеден соң өмірге бала келетіні белгілі. Әйел өз жүктілігін жоспарламас бұрын дәрігерлік тексеруден өту, түрлі инфекциялық ауруларға қарсы сараптама тапсыруға дағдылануы қажет. Соның ішінде үйленер алдында ВИЧ инфекциясына арнайы тесттік тексеруден өтуге ұсыныс жасаймыз. Оның еш ағаттығы жоқ", - дейді Алматы қалалық СПИД орталығының бөлім меңгерушісі Марина Плотникова.

Сөз байласып жүрген Жандос пен Арай бұл ұсынысқа қарсы емес. Тек мұндай сараптаманың қол жетімді болуы маңызды, дейді олар. "Келісемін. Кейбір қыздар айтады, сен менің қандай екенімді білмейсің деп. Сондықтан көп сұрақтар туындап жатады. Қыз да, жігіт те болашақ отбасы. Үйленген соң болашақта ұрпақ саулығына сенімді болуы керек", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Жандос Ресмендиев.

Ал бүгін үйлену тойына асыққан Мақсат болса, бұл мәселе төңірегінде бұрын ойланып көрмегенін айтады. Оның болашақ жұбайы тарапынан да мұндай ұсыныс айтылмаған. Қауіпті дерттің бар-жоғын анықтап алу мәселесінде олардың көзқарасы бір жерден шықты. "Көзқарасым, әрине, оң. Әркім өз болашағын ойлауы керек. Келешек ұрпақтың таза, СПИД-тен аман болғанына ешкім қарсы емес деген ойдамын", - дейді ол.

Адамдарды ВИЧ инфекциясына тексеруден өткізу туралы 2001 жылғы 3 қарашадағы Үкіметтің қаулысында жас жұбайлардың алдын ала аталған инфекцияға тексеруден өтуге кеңес беретін тарау қарастырылған. Алайда оның насихатталуы әлсіз жүріп жатыр, дейді СПИД орталығының мамандары. Бүгінде ғасыр індетінің жыныстық жолмен берілу көрсеткіші 60 пайыздан асқан. Сорақысы сол - жүкті әйелдер осы вирусты тасымалдаушы ретінде көптеп тіркеле бастапты.

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Қазақстандық дәрігерлер жастарға ВИЧ инфекциясына тексерілуге кеңес береді