RU

"Қазақстан қалалары" сериясымен естелік монеталар шығарылды

ҚР Ұлттық банкі "Қостанай", "Талдықорган", "Тараз" қалаларының аттары жазылған естелік тиындар шығарды. Бұл туралы Қазақстанның Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Мамандардың айтуынша, 50 теңгелік естелік шақалар "нейзильбер" қорытпасынан дайындалған, диаметрі – 23 миллиметр, салмағы – 4,71 грамм. Әр қаланың атауы жазылған монеталардың әрқайсысы 50 мың данамен шығарылған.

Тиынның беткі жағында "50 ТЕҢГЕ" деп жазылған. Жоғарғы жағында сегіз бұрышты розетка, төменгі жағында ою-өрнек бейнеленген. Оң жағында Қазақстан ұлттық банкінің қысқартылған атауы – "ҚҰБ" деп жазылған. Артқы жағында "Қостанай", "Талдықорган", "Тараз" қалаларының аттары жазылып, ортасында осы қалалардың таңбалары бейнеленген.

Тиынды айналдыра мемлекеттік тілде "Қазақстан Республикасы" және 2013 деп шығарылған жылы жазылған. Ескертеміз, Ұлттық банк 5 қарашада шығарған 50 теңгелік естелік монеталар Қазақстан аумағындағы барлық төлемдерге, шоттарға аударуға, салым салуға, аккредитивтерге және аударуға, барлық банктерде шектеусіз алмастыруға және ауыстыруға жарамды.

Естелік шақалар шаруашылық жүргізу құқығы берілген "Қазақстан Ұлттық банкінің қазақстандық монета ауласы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнында дайындалған. Монеталардың дизайны 2003 жылы 25 қыркүйекте Қазақстан Президентінің №1193 жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюталар банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/288961-kazakstan-kalalary-seriyasymen-estelik-monetalar-shygaryldy.html