RU

Талдықорғанда үшемге аяғы ауыр ана түсік тастады

Талдықорғанда сақтану үшін ауруханаға жатқан Гүлсанат Нұрғалиева шараналарының түсіп қалуын тікелей дәрігерлердің салғырттығынан деп отыр.

Ал облыстық перзентхананың гинеколог мамандары жас анаға жүктілік кезінде қалалық емхананың әйелдер кеңесі дұрыс қарамағанын айтады.

Үш қыздан соң, үшемге аяғы ауыр болып, құрсақтағы шараналардың үшеуі де ұл екенін естігенде Қарынбаевтар әулетінің қуанышында шек болмаған. Алайда, қуаныш ұзаққа созылмады. Қазанда Гүлсанат Нұрғалиеваның аяғында ісік пайда болғандықтан, оған облыстық перзентханаға жатуға нұсқау береді. Бірақ, ауруханада үш күн ем алған соң, үшем түсіп қалған.

"Ауруханаға түскеннен кейін мені 16:00-де тексерді. Содан соң түнгі сағат 3:00-ке дейін ешкім келген жоқ. Мен қорқып кеттім, құрсағымдағы шарана түсіп қалды,"- деп күйінеді Талдықорған қаласының тұрғыны Гүлсанат Нұрғалиева.

Ал облыстық перзентхана гинекология бөлімінің меңгерушісі Айгүл Аманкелдінің айту бойынша, болашақ ана баласының іштен түсіп жатқанын хабарлап, оны шақырған. Бірақ, дәрігердің сөзіне сенсек, бала ешқайда түсіп қалмаған. Сол жерде өзінің кіндігіне ілініп тұр. Гүлсанат Нұрғалиеваның нәрестелерін аман алып қалу мүлде мүмкін болмапты. Дәрігер Гүлсанат Нұрғалиеваның  сырттай тексеруден өтпегенін алға тартады. Ол қан, кіші дәрет анализдерінен ғана өткен.

Талдықорған қалалық емханасының "Әйелдер кеңесінің" меңгерушісі Алма Әубәкірова жас ана ауруханаға келгенде жағдайы өте ауыр болғандығын, тіпті жүктілік кезінде дұрыс медициналық кеңес берілмегендігін айтады.

Гүлсанат 10-11 апталығы кезінде есепке тұрған. Арнайы тізімге кіргізілген. Бақылау жүргізіліп отырды. Соңғы дәрігердің жазуы 3 қазанда тіркелген. Дәрігер оған жүктіліктің 20 аптасы үшем деп жазған. Сосын аяғында аздаған ісік бар деп көрсеткен. Үй жағдайында қабылданатын ем жазылғандығын да баяндап берді.

Гүлсанаттың отбасы мен туған-туыстары перзентханаға ауырмай барып, үшемнен айырылып қалғанына қынжылып отыр.

"Ол үйде түсік тастаса, онда басқаша ойда болар едік. Ауруханаға 2-3 күн жатқан адамның баласы осындай жағдайда түсіп қалды дегенді естігенім осы болар", - дейді Гүлсанаттың анасы Биғайша Керімбаева.

Облыстық медициналық қадағалау департаментіне жас ана әлі шағым жазбаған. Ондағы мамандар егер талап-арыз түссе, міндетті түрде тексеріледі деп отыр.

"Аталған азаматша шағымданса, заңды түрде біздің сұрауларымыз бойынша тексеру тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жүргізіледі. Толғымен тексеріліп, құқық қорғау органдарына жіберіледі", - деп мәлімдеді облыстық медициналық және фармацевтикалық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Мүсәлі Сейітқұлов.

Ал мерзіміне жетпей түсікке ұшырған үшемдердің ата-анасы дәрігерлердің қызметіне қатысты құзырлы органдарға шағым дайындап жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/289735-taldykorganda-yshemge-ayagy-auyr-ana-tysik-tastady.html