RU

Мұсабаев "сөзімді ел дұрыс түсінбей қалды" деп ақталуда

Түлектерді қатқыл сынаған Мұсабаев "сөзімді ел дұрыс түсінбей қалды" деп ақталуда.

Ол шетелде білім алған шәкірттерге қатысты өз ойын тарқатып берді.

Айтуынша, соңғы бес жылда ол басшылық ететін мекемеге қырыққа жуық түлек қызметке алынған.

"Мекемеден 13 адам өз еркімен жұмыстан шығып кетті. Бүгінде қоластымда 24 түлек қызмет істейді. Олардың жұмысына көңілім толады. Ешкім де "Болашақ" түлектеріне қарсы ешқандай дау айтқан емес. Әсіресе, "Болашақ" оқу жүйесіне қатысты ешқандай сөз болған жоқ, - деді ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасы Талғат Мұсабаев.

Ғарыш саласы мамандарына қойылатын талап тым күшті. Бас ғарышкер бакалаврлар агенттікке жұмысқа алынбайтынын кесіп айтты. Себебі, басым бөлігінің білімі төмен дейді.

Талғат Мұсабаевтың Еуразия ұлттық университетіндегі студенттермен кездесуінде жастар әңгімеге аса құлық таныта қойған жоқ. Бас ғарышкердің өзі отандық космонавтиканың жай-күйін айтып берді. Мұсабаев әңгімесінің әлқиссасын журналистерден бастады. Әркез тілінен табатын ғарышкер бұл жолы барынша сақтық танытуға тырысып бақты.

Ол өзінің бір мәселеге байланысты айтатын пікірін журналистердің теріске айналдырып, басқа мағынада жеткізетінін сөз етіп, өкпесін байқатты.

Өз кезегінде, Талғат Мұсабаев бесінші қарашада Қызылорда облысы Қазалы ауданы аумағынан табылған зымыран бөлшектерінің Байқоңырға мүлдем қатысы жоқ дейді. Қазір апат аумағы қоршауға алынып, зымыран қалдықтарының қайдан келгені зерттелу үстінде. Кұзырлы орган басшысы осыдан өзге мәлімет беруге құлық танытпады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/289795-mysabaev-sozimdi-el-dyrys-tysinbej-kaldy-dep-aktaluda.html