RU

Мұсылман әйелдерге фитнестің DVD жинағы шықты

Сымбатты көріну үшін жаттығу залына барып, басқалардың алдында ашық киіммен жүру міндетті емес. АҚШ тұрғыны мұсылман әйелдерге арнап, дене жаттығуларының DVD дискісін шығарды.

Семіз адамға арықтау қиын. Ал айналаңыздағы адамдар сізді қолдамаса, артық салмақтан арылу тіпті қиямет. Бірнеше жыл бұрын АҚШ тұрғыны Надин Абу Джубара ханым арықтауға тырысып көрген. Ол - Палестинадан АҚШ-тың Флорида штатына қоныс аударған мұсылман әйел. Надин Абу Джубара салмақ тастап, денсаулығын түзеуге ұмтылғанда мұсылман таныстары арасында бұл ниетін құптағандардың аз болғанын айтады.

Таяушығыстық мол дастархан басында ол тағамдардың денсаулыққа пайдалысын таңдап, оның өзін шақтап жеуге тырысқан. Ал қасындағы жақындары "Тағы да алсаңшы!", "Бір күн тойсаң түк емес, бір тістесең ештеме етпес" деп өзеурейтін.

"Соның бәрі жүйкеме тиетін, бірақ өз мақсатыма жетуге тырыстым", - дейді ол. 30 килограмм салмақ тастаған соң ол адамдардың көзқарасы күрт өзгергенін байқаған. "Керемет болып кетіпсің! Не істедің? Құпиясын айтсаңшы" дегендер көбейген. "Құпия" туралы сауал жиі қойылған соң Джубара сауал иелерінің бұл мәселеден хабарсыз екенін байқайды.

"Өз денеңді өз үйіңде күт" деген сөзді ұран еткен бейне жаттығулар жинағы қараша айының басында 2 мың данамен жарық көрді. Тұтынушылар дискіге бірнеше апта бұрын интернет арқылы тапсырыс беріп қойды. DVD жинағында жаттығуларды көрсететін Зайнаб Исмаил атты әйел - Пуэрто-Рикодан келген бодибилдинг чемпионы. Ол 20 жылдан бері фитнес жаттықтырушысы болып келеді, жақында ислам дінін қабылдаған. Дискіде Исмаил ұзын жеңді жаттығу киімі мен спорттық шалбар, басына хиджаб киіп тұрып, қарапайым, бірақ қозғалысты қажет ететін жаттығуларды орындайды. Жүресінен отырып-тұру, алға қарай созылу сияқты жаттығулар екпінді әуен ырғағымен орындалады.

DVD жинағы мұсылман әйелдерге арналғандықтан, Исмаилдың жаттығу кезіндегі киіміне қатысты әр алуан пікірлер айтылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/290103-mysylman-ejelderge-fitnestin-dvd-zhinagy-shykty.html