RU

Қоғам қайраткерлері Нығматулиннің "Бәке, Сәкеге" қатысты ескертпесін сынады

Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің күтпеген жерден министрлерге азуын көрсеткенін хабарлаған болатынбыз.

Тосын мінез танытқан спикер депутаттарды Мәке, Бәке деп атауға тыйым салды. Оның ойынша, бұл қазақтың дастархан басында айтатын әңгімесі.

ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев "Кешірерсіздер..." деп қана қысқа қайырды.

Айта кетсек, Мәжіліс тарихында мұндай қаратпа сөз бұрыннан қолданылып келеді. Оның үстіне, сыйлы замандасын Бәке, Мәке деп атау қазақта бұрыннан бар.

NUR.KZ редакциясының тілшілері қоғам қайраткерлері, танымал журналистер мен депутаттардың өздеріне хабарласып, пікірлерін біліп көрді.

Әміржан Қосанов, тәуелсіз саясаткер:Фото: abai.kzӨзінен жасы үлкен адамға осылайша ілтипат білдіре отырып, сөз арнау - қазақтың басқа елден ерекше бір "ноу-хауы" сияқты еді ғой. Мүмкін, Парламент мінбесінен ресми адамдардың баяндама барысында осылайша сөз бастауы сәл ыңғайсыздау болар, бірақ өз ортамызда "Бәкелеп", "Мәкелеп", бір-бірімізді құрметтеп әрі мәпелеп өткенге не жетсін!Әйтеуір, шенеуніктер басқа жұртқа еліктеп, "по имени-отчеству" сөз бастаймын деп, қазақылықтың тағы бір элементінен айрылып қалмасын! Мүмкін сол орыстан келе жатқан (басқа ұлттарда ол кездесе бермейді ғой!) "по имени-отчеству" қаратып сөйлеудің орнына ресми жиындарда "пәленше мырза" деп атау керек болар. Талқылайық ел болып... 

Жұлдыз Әбділдә, журналист:

"Пәленше Пәленшеұлы" деп сөйлеген менталитетімізге келмейді. Бір өкініштісі, осы мәселе қазаққа сіңісті болып кетті. Бұл - жасанды нәрсе.

Соңғы кезде шенеуніктердің талайдың көкейінде жүрген мәселелерді қозғаудың орнына, болмашы, жұртты күлкіге қалдыратын, журналистерге тамызық болатындай тақырыптарды көтеруі дұрыс емес. Әлде жұртшылықтың көңілін өздеріне көбірек аударғысы келгені ме?!

Ал, мәжіліс отырысында Ерболат Досаевқа айтылған "Мәке, Бәке едген әңгімені дастархан басындағы отырысқа қалдырыңыз" деген Нұрлан Нығматуллиннің ескертпесіне келсек, ол бұл сөзін жеке шығып айтуы керек еді. Ел алдында жарияға жар салғаны - өрескел қылық деп есептеймін.

 

Сенат депутаты Жабал Ерғалиев:

Мүмкін спикердің уәжі дұрыс та шығар. Мұны халықтың дабырасына салудың еш қажеті жоқ. Әрине, онсыз да ұлтсызданып кеттік. Бойымыздағы ұлттық құндылықтардан қашпауымыз керек. Қазақы қалпымызды сақтап қалсақ игі.

Ал, мәжіліс отырыстарында, жиындарда, адамның аты-жөнін білсең, оны аты-жөнімен шақырған да абзал.

 

Есей Жеңісұлы, "Дала мен Қала" газетінің спорт журналисі:

Спикердің сөзін еш қолдамаймын. Бұл жағдайдың халықтың ұғымына сыймай жатқаны да дұрыс. Қазақтың бір-біріне "Мәке, Бәке, Сәке" деп айтқан қаратпа сөзі - үлкен құрметтің, ілтипаттың белгісі. Өзіңнен жасы кіші адамға бұлай айта алмайсың ғой. Сондықтан, мұны дастархан басында айтылатын әңгіме деп төмендетуге болмайды.

Өз қайнар көзінен, өз болмысынан өзі қашу тенденциясы шенеуніктер арасында әлі де жалғасып жатыр.

Өткен жылы сенат тарапынан 2-қазанды Қазақстанның космонавтика күні деп жариялау туралы ұсыныс түсті. Аталған күні қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан еді. Ұсынысты қатты сынға алған Талғат Мұсабаев "Қазақ соншалықты танымал халық емес" - деген сөзі де осы тенденцияның анық айғағы.

Өз басым жасы үлкен кісілерге "Мәке, Сәке, Бәке" деп айта беремін, кейінгі ұрпақтың да айта беретініне сенімім мол.

 

Айдос Сарым, саясаттанушы:

Менің ойымша, "Бәке", "Уәке" деу қазақы дәстүрден, қатынастардан, таным мен пайымнан туындаған, үлкенге деген сый-құрметтен туындаған дүние. Оны сөз түгілі, арнайы заң шығарып, қазақтың санасынан шығарып тастау мүмкін емес.

Қазақты бұл тұрғыдан қанша өзгертем десеңіз де өзгерте алмайсыз. 300 жыл бойы қырып-жойып, істемегенді істеп, қазақты орыс қылам деген Ресейдің де қолынан келмеген.

Нығматуллин мырзанікі нақты министрге қатысты қабақ шатып, қызбалық танытқаны болар деп санаймын. Себебі адами қарым-қатынастарда өзі де адамдарға "Бәке", "Уәке" деп айтатынына өз басым күмәнданбаймын.

Сондықтан қазақты орыс қыла алмайтынымыз рас болсақ, қазақша сөйлеп тырмысып жүрген министрді нағыз қазақ қылуға тырысқанымыз абзал. 

Еске сала кетек, отырыстардың бірінде депутат Шалатай Мырзахметов бұрынғы Дін Істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама-Шарифке өздерін мырзалар деп атауды талап еткен еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/290231-kogam-kajratkerleri-nygmatulinnin-beke-sekege-katysty-eskertpesin-synady.html