RU

Қазақ өлеңі мен өнері ауыр қазаға ұшырады

Осыдан бірер күн бұрын ғана алпыс жылдығын атап өткен Есенқұл Жақыпбек ағамыз дүние салды. Өмірінің отыз жылын айтыс өнеріне арнаған ақын, жазба өлеңнің де шебері еді.

Ақын осыдан бірер күн бұрын ғана "Айтылмаған әңгіме" бағдарламасының түсіріліміне қатысқан болатын.

Өзі жақсы көретін аға-інілерінің ақ тілегін балаша қуанып, тыңдап еді. Өнері мен өлеңі өз алдына, өз үйін өнердегі інілерінің жата-жастана  кететін баспанасына айналдырған, ағалық ақылын айтуға асығатын, бауырмал ағаның алпыс жылдығына ақ тілегін айтып келген інілері де көп болды.

"Есағаң - ескінің көзі, жаңаның өзі. Екі ортадағы алтын көпір", - деді танымал журналист Серік Әбікенов.

"Мектепте де әбедиет үйірмесінен сабақ бердім, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Мектепте бір жақсы жері - балалардың көңіл-күйі таза, аурасы таза", - деген еді бағдарламаның бас қаһарманы.

Өзі де бала сияқты, жаны нәзік ақын соңғы жылдары Жамбыл аудандық "Атамекен" газетінің бас редакторы болып қызмет етті. "Бастау", "Ағымнан жарыламын",  "Біздің елдің жігіттері",  "Сарғайған сары терезе" атты кітаптары жарық көрген. Ел арасына кеңінен тараған көптеген әдемі әндердің авторы."Көк аспаннан бара жатыр, өмірімнің жұлдызы ағып". Өзінің  өлеңіндегідей болды. Кеше кешкісін ғана күлімдеп студиямызда отырған Есенқұл аға туралы бүгін таңертең қаралы хабар келді. Ақынның бала жүрегі мәңгілікке соғысын тоқтатты.

Арда азамат, қазақ поэзиясының қадірлі ақынының біздің арнада ғана тойланған алпыс жылдық мерейтойының толық нұсқасы бүгін (15 қараша) сағат 19/30-да "Айтылмаған әңгіме" бағдарламасында болады. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/290470-kazak-oleni-men-oneri-auyr-kazaga-yshyrady.html