RU

"Виаграға" өтпекші болған қазақстандықтар бар шындықты жайып салды

Ресей телевизиясы тарихында ең жоғары рейтинг жинаған "Виаграға қосылғым келеді" жобасы аяғына жетті.

2 ай бойы қыздардан құралған ең танымал ресейлік топтың құрамына кіріп, Константин Меладзенің шәкірті атану үшін Қазақстан, Ресей, Украина мен Беларусь бойжеткендері жандарын салды. Біздің аруларымызға көз тіккен аузы дуалы продюсер ақтық сынға қазақ қыздарын не себепті шығармады? Әлде Виаграға қосылудың құны бұрымдыларымыз үшін тым жоғары болды ма?

2006 жылы "Superstar" жобасына қатысып, кейіннен қыздардан құралған "Tequila" тобында ән айтқан Анастасия Россошанскаяға қазақстандық жанкүйерлер өзге қатысушылардан көбірек үміт артқан еді. Талдырмаш арудың түрі де келісті, тұла бойы да сымбатты, дауыс диапазоны да кең көрінді өзімізге. Алайда мақтаған қызымыз Киев сахнасында көптің бірі болып қала берді.

"Қыздарға жүктелген талап, қатаң тәртіп, ұйқысыз түндер мен эмоционалды қысым - жүйкемізді әбден жұқартты. Жақындарымызбен кездесуге қатаң тыйым салынды. Ұстазымыз атанған Санта жобаны бел ортасынан тастап, бізді жетекшісіз қалдырды. Осының барлығы әрқайсымызға кері әсерін тигізбей қоймады" дейді ол. Десе де еліне қайта оралған Настяның тауы шағылмапты. Бойжеткен 2 жылдық үзілістен кейін, қайта бейнебаян түсіріп, 2 жаңа әнін жазып үлгерген екен. 

Настя өнер көрсеткен үштіктің құрамында Алматылық Карина Кан да бағын сынады. Бойжеткеннің айтуынша, жоба сырттай мінсіз көрінгенімен, қолдан ұйымдастырылған, көрерменнің көзінен таса қалған жағдайлар көп болған.

Байқау кезінде ұйымдастырушылар Каринаны "бойың аласа", тапалсың деп сөкті. Бұл да жоқ жерден жанжал шығарудың бір әдісі. Себебі байқауды жеңіп шыққан Анастасия Кожевникованың бойы менікімен бірдей -дейді Карина.

Шоу-бизнестен әбден көңілі қалған Карина ендігәрі әнші болуды армандамайды. Болашақ жоспары сүйгенімен қосылып, отбасы құрып, ана атану.Ал 18 жастағы Адель Шавдунованы байқаудан кейін қазақстандық продюсерлердің бірі байқап, қамқорлығына алған. Қазір ол алғашқы таспасын жазу үстінде. Адельді "Виаграның" аға жетекшісі Константин Меладзенің мақтап-мадақтауы қанаттандырған болса керек. Ал жобаның гауһарындай болып көрінген Карина Фазлиева жартылай финалға қатысып, ақтық сынға сәл-ақ жетпей қалды. Көрерменге бұрымдымыз қылмыстық әлемге қатысы бар, қазақстандық баскесердің тоқалындай етіп таныстырылды. Алайда бұл атышулы шоудың қызығын арттыру үшін жасалған амал -дейді Каринаның өзі.

Десе де, дәл сол жартылай финалда қазақтың хас сұлуы кеудесін жалаңаштап, үстіндегі киімін сыпырып тастады.

Айтуынша, бұл ұйымдастырушылардың талабы. "Сахнада шешінулерің керек" деген сөз айтылғанын Каринаның өзге әріптестері де растап отыр.

"Ия, кейбір кезде редакторлар айтатын "мына тұста шешіну керек" деп", - дейді мұндай сайыстардан көңілі қалған Карина Кан.

Расында да, байқау барысында талай қыздың төсін жарқыратып, іш киіммен тұрғанын көрдік.

Қазақ қыздарына расында да жаңа виаграда орын болмаған да шығар. Бірақ, ұйымдастырушылардың смс дауыс беруге Қазақстанды да қатыстыруынан, қазақ қыздарын шақыруынан аянып қалған ешкім жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/290934-viagraga-otpekshi-bolgan-kazakstandyktar-bar-shyndykty-zhajyp-saldy.html