RU

Толастамай жауған қар коммуналдық қызметтерді тығырыққа тіреді

Еліміздің бірнеше аймағына түскен қалың қар коммуналдық қызметтерді тығырыққа тіреп, көлік қозғалысын қиындатты деп хабарлайды КТК арнасы.

Күн ұзаққа толассыз жауған ақ ұлпаны атқамінерлері күтпесе керек, тазалап үлгере алмады. Кей қалаларда тіпті қар тазалайтын техника табылмай жұрт өз қолдарымен топырақ сеуіп амалдады. Синоптиктер болса, алдағы айдың да қарлы болатынын болжап отыр.

Таңнан бері тоқтамаған ақ ұлпаның қарқыны қатты болғаны сонша, ауладағы адамдарды қойып қаланың атқамінерлерінде тәтті ұйқыларынан тым ерте оятты. Тобықтан аса жауған қар түске таяу қатып жолды көк тайғақ қылды. Салдарынан тас жолдағы темір тұлпарлар қарадай қағылып, адамдар жығылып майып болды. Бұл Қазақстанның қайсы бұрышында да байқалған құбылыс.

Жапалақтай жауған қардан жұрттан бұрын жүрексінетін Алматы бұл. Өткен жылы белуардан келетін қарды тазалай алмай басымен бас қайғы болған оңтүстік астана бүгін тәулік бойы жұмыс істеуде. 400-ге жуық қар тазалайтын техника толассыз қызметте. Қолына күрек алып шыққан жұмысшылар саны одан бірнеше есе көп. Алғашқы ақ ұлпа жолдағы көліктердің де есін алды. Таңнан бері жүзден астам жол апаты болып, 11 адам жапа шеккен.

Қардың қату қабағы түскен Қарағанды бұл. Таңнан бері толастамай жауған ақ ұлпа түсте қала ішіндегі қозғалысты матап тастады. Ол аз болғандай Алматы-Қарағанды бағытындағы күрежолда жіпсіз байланды. Жүзге жуық жүк көлігі қыраттарға көтеріле алмай пұшаймен хәлге түсті.

Өз күшімен жүрмек боп артық қылам деп тыртық қылып апатқа ұшырағандары да жетерлік. Ал бас қала Астана қар жауа бастағаннан жанталасып тазалауда. Шенді мен шекпенділер жүретін сол жағалаудың жолдары мұнтаздай таза. Табиғаттың қас-қабағын аңдитын мамандар болса, бұл соңғы қапылу емес дейді.

"Ауа райын ұзақ мерзімде болжау басқармасының болжамы бойынша желтоқсан айы қарлы болады. Желтоқсан айының үшінші он күндігінде ауа райы суытады, жаңа жылға қарай қар жауады", - дейді "Қазгидромет" орталығының инженер-синоптигі Ләззат Керімова.

Қараша желтоқсанмен сол бір екі айдың бүгінгі мінезі басшыны да қосшыны да қатты қапылтқаны анық. Бес қаруын сайламағандар қаланың тірлігін толықтай тоқтатып тастағанын көз көрді. Өткен жылдағы олқылықтың орны әлі толық толтырылмаған демек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/291240-tolastamaj-zhaugan-kar-kommunaldyk-kyzmetterdi-tygyrykka-tiredi.html