RU

Әбіқаев Стамбековтар отбасына уәде еткен баспананы әлі берген жоқ

Араға бір жыл уақыт салып, нақтырақ айтқанда екі күн бұрын, Алматыдағы Кеңсай зиратында Тұрғанбек Стамбеков пен жары Сәуле Стамбекованың басына құлпытас орнатылды.

Шымкент маңында болған әуе апатына бір жыл толды. Өткен жылдың ызғарлы желтоқсанында Астанадан ұшып шыққан шекара қызметінің "Ан-72" әскери ұшағы қалаға 20 шақырым жетпей, цемент зауытының карьеріне құлаған болатын.

Шерменде кеткен шекарашылардың апатқа не себепті ұшырауын зерттеу үшін Украинадан авиациалық жөндеу зауытының 7 сарапшысы алдырылып, "қара жәшік" ашылып, оқылды.

Белгілі болғаны: 1990 жылы шығарылған ұшақтың сынықтары диаметрі 50 метр жерге шашылған. Жоспарлы рейс атқару үстінде ұшақ жантая ұшып, қыратқа соғылған.

Әуе кемесінің бортында болған 27 адамның барлығы қаза тапты. Сұм ажал 7 экипаж мүшесі мен Шекара қызметі бастығының міндетін атқарушы Тұрғанбек Стамбеков бастаған шенді қызметкерлерді бағыт алған жеріне жеткізбей, жалмап еді.

Отаны үшін опат болған оғландардың рухтарына құран бағышталып, ескерткіштерінің алдына гүл шоқтары қойылды. Қыршынынан қиылған қос ғашықтың бейітінде бейне бір өмірлері суреттелген екен.

Қарасы қалың жұрт қол жайып, жазым болған ерлі-зайыптыны көздеріне жас алып, еске алып тұр. Тұрғанбек Стамбеков жанындағы жары, жалғыз серігі, арқа сүйер сүйіктісі Сәуле Стамбековамен бірге былтырғы ызғарлы желтоқсан күні тағдырдың жазуымен бір күнде көз жұмған болатын.

Марқұмдардың көздері тірісінде жасаған жақсылығын айтып, естеліктерімен бөліскен әріптестері "сұм ажалдың айтып келмейтінін" айтып, үнсіз егіледі. 

Шекара шебіндегі Нарынқолда туып-өскен бала Тұрғанбек жастайынын шекарашыларға еліктеп бой түзепті. Бекеттен аудан орталығына түсетін әскерилерге құрмет көрсетіп, киімдерін қызықтап, жандарынан шықпайтын -дейді жақындары. Енді бүгін өзі сүйген шекара қызметінің үрмелі аспаптар оркестрі өзіне арнап күңірене күй төгіп тұр.

Елі үшін қызмет еткен ерлі-зайыптылардың бейітіне орнатылған құлпытас қос бірдей сәулетші Жамбыл Кекілов пен Мырзахмет Қасымовтың қолынан туған. Символикалық түрде қызыл тастан қашалып жасалған ескерткіш - шекарашының мезгілсіз қаза тапқанын айшықтап тұр. Дәл ортасына шекара қызметінің белгісі орнатылыпты, ортасында қағынан екі айрыла жарылған қара тас.

Алланың берген ауыр сынағына марқұмдардың артында қалған қос құлыншағы да төзім етті. Әкесінің жалғыз ұлы - Алмас ата-анамның жақсы атына кір келтірмеуге тырысамыз -деп отыр.      Әкесі мен шешесіне деген сағынышын жасыра алмаған Хамида да көпшілік тарқап, қара құрым біраз саябырсыған соң оңаша қалып, көз жасын төгіп алды.

Апаттың негізі себебі - ауа райының қолайсыздығы мен адами фактор деп топшыланды. Алайда айтылған ресми мәліметке шекарашылардың жақындары сенбеп еді.

Ол әке-шешесінің өліміне оқыс оқиғаның себеп болмауы мүмкін деген пікірін білдірді.

"Мүмкін біреулердің ұйымдастырған ісі шығар", - дейді ол.

Қаза тапқан шекарашылардың отбасыларына жәрдем ретінде пәтер берілетінін осыдан бір жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев уәде еткен болатын.

Алайда жетім-жесір, асыраушысыз қалған бұл отбасыларға баспана әлі күнге дейін берілмепті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/293193-ebikaev-stambekovtar-otbasyna-uede-etken-baspanany-eli-bergen-zhok.html