RU

"Алыпсатар" балықшылардан сатып алған қаруын ІІМ-ге сатқан

Алматы облысы Қаратал ауданының ең шалғайда жатқан ауылында ІІМ министрі Қалмұханбет Қасымовтың бастаған ісін қостап, сол іске білегін сыбана кірісіп кеткен "белсенді" шықты.

Балқаш көлінің жанындағы Көпбірлік ауылының 29 жастағы тұрғыны газеттен министрдің тәртіп сақшыларын оқ-дәрілер, жарылғыш заттарды тапсыруға белсене қатысуға шақырғанын оқып, осы іске өз үлесін қоспақ болған.

Пысық жігіт көрші ауылдарға шығып, балықшылардан тегіс оқпанды қаруларын әрқайсысын 15000 теңгеге сатып ала бастаған. Небәрі он күннің ішінде ол түрлі үлгідегі 12 тегіс оқпанды қару жинап, Қаратал ауданының АІІБ-не тапсырып үлгерді. Сол үшін Сәлім Әлиманов 399 861 теңге пайдаға кенелді.

Көпбірлік жігітінің бұл кәсібі көрші жатқан Қарағанды облысына да жеткен. Содан Балқаштың арғы бетіндегі қаруы бар тұрғындар да бұған тартыла бастаған. Алайда көп ұзамай бұл сыбыс прокурорлардың құлағына да жетіп, олар "алыпсатардың" жолын кесті.

Қаратал ауданының прокуроры Құралбек Шойбековтің сөзіне қарағанда, заңсыз сақталып келген қаруды ерікті түрде тапсыру азаматтарды қылмыстық жауапкершіліктен босатады. Қылмыстық жауапкершіліктен босағаннан бөлек, оған ерікті түрде қару тапсырғаны үшін материалдық өтемақы төленеді.

Алайда қаруларды өз бетімен сатып алатындай Сәлім Әлимановқа ешкім құқық берген жоқ. Бұл жағдайда, ол азаматтық қаруды сатып алу үшін ішкі істер органдарының рұқсатын алу керек болатын. Қаратал ауданының прокуратурасы АІІБ басшысының атына заңбұзушылықты жою, қару сатып алушыны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс тастады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/293249-alypsatar-balykshylardan-satyp-algan-karuyn-iim-ge-satkan.html