RU

Жастарға биылдан қалмай некеге тұрып алуға кеңес берілді

Мешітте мұсылманша неке қидыру тегін болса, салтанат сарайларында бас аяғы 15 минутқа созылатын қызмет үшін қарапайым мұғалімнің екі айлық еңбекақысын сұрайды.

Олардың арасында мемлекеттік саналатын Алматыдағы "Жас отау" неке сарайы да бар. Енді отбасылы жандар, жанұя құрамыз деп жүргендерге биылдан қалмай некеге тұрып алуға кеңес береді. Себебі, "Жас Отауда" келесі жылдан бастап неке қию рәсімі тағы да қымбаттамақ, деп хабарлайды 31 арна.

Іргетасы 1971 жылы қаланған дәл осы тарихи сарайда неке кидырғысы келетін жастар көп. Кең әрі әдемі зал, ұлттық киімде алдыңыздан шығып, қарсы алып тұрған жігіттер мен қыздар, жанды дауыспен ән шырқайтын опера әншілері. Әр жұптың өмірінде есте қаларлық бұл сәтті кімде-кім тамаша етіп өткізгісі келеді. Алайда, аталмыш салтанатты шараның құны аса қымбат. Бас-аяғы 112 мың теңгені құрайды екен.

"Бұл ақшаға оркестр, жанды дауыспен ән шырқайтын әншілер, шағын шоу, фуршет, көгершіндер кіреді. Сондай-ақ, осы қаржыдан біз коммуналдық төлемдерді өтеп, қызметшілерге айлық береміз", - дейді "Жас отау" неке сарайының есепшісі.

Осы арада "бұл қаражат мемлекет қазынасына толық түседі ме?" деген ұры күдік көңілге ұялайды. Былтырғы жылы неке сарайының бұрынғы басшылығы аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыпталып, істі болғаны халық есінде.

Мекеме директоры, есепшісі мен бас маман осы сарайда қиылған әрбір екінші некені ресми тіркеуге алмай, одан түскен ақшаны қалталарына басып келген. Қаржы полициясы сыбайластар 157 миллион теңгені жеке пайдаларына жаратқанын анықтаған болатын. Жалпы, жылына мұнда бір мыңнан астам жұп отау құрады десек, "Жас отауға" 112 миллион теңге, яғни 727 мың доллар көлемінде пайда түседі екен.

"Жас отауға" жаңадан келген басшылық, некелесу рәсімінен түскен қаржының жартысы Алматы қаласының әкімшілігіне тиесілі деп отыр. Себебі биылғы жылдан бастап "Жас отау" жауапкершілігі шектеулі серіктестік атанса да, құрылтайшысы сол баяғы әкімдік екен. Ал баға келесі жылдан бастап тағы көтеріледі, дейді мекеме басшылығы.

Келесі жылдан бастап "Жас отау" басшылығы түрлі ұлт өкілдеріне арналған, ұлттық киім-жарағы, дәстүрлі ән-биі бар салтанатты неке қию рәсімдерін өткізбек. Оған төленетін қызмет ақысы да 135 мың теңгені құрамақ. Десе де, мұндай астатөк шара болашақ бақытты отбасының бірлігіне кепіл бола алмасы анық. Себебі, жыл сайын отау құратын 125 мың жұптың әрбір үшінші ажырасып тынады екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/293412-zhastarga-biyldan-kalmaj-nekege-tyryp-aluga-kenes-berildi.html