RU

"Прайм плазадағы" бұзақылыққа қатысты сотқа Қайрат Нұртас келген жоқ

Алматыда Қайрат Нұртастың концертінде бұзақылық жасағандарға қатысты алғашқы сот процесі басталды.

"Прайм плаза" сауда үйіндегі дүрбелеңнен соң дереу қылмыстық іс қозғалған болатын. Күдіктілерге "кісі тонады", "қарақшылық" және "бұзақылық" баптары бойынша айыптар тағылған.

Сот процесіне Прайм плаза сауда үйінің басшылары да, әнші Қайрат Нұртас та қатысқан жоқ.

Айыпталушылар Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Жандос Сәлімов, Алматы облысының тұрғындары Эльдар Мұсамбаев пен Сухрап Имиршаев. Олардың ешқайсысы да бұрын сотталмаған. Үшеуі де құрдас. 22 жастағы жігіттерге кісі тонау, қарақшылық, бұзақылық баптары бойынша айыптар тағылып отыр.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, олардан бірнеше қала тұрғыны жәбір көрген көрінеді. Бірақ жапа шеккендер сотқа келген жоқ. Ал Сухрап Имиршаев пен Эльдар Мұсамбековтың туыстары оларды ешқандай айғақсыз айыптап жатыр деген пікірде.

"Балалар ол жерде болған жоқ, адамдар Сухрап пен Эльдарды таныған жоқ.Қолдарынан тас та тапқан жоқ. Менің балам жалғыз. Оған барады деп ойламаймын", - дейді  Э.Мұсамбаевтың анасы Айман Мұсамбаева.

"Балам жұмыстан үйге қайтып келе жатқан. Таксист әрі қарай жүрмеймін деп түсіріп тастаған. Сол жерден Бостандық ауданы ІІБ алып кеткен. Үйге келіп, тінтіді, ештеме таппады",- деді С.Имирашевтың әкесі Пархат Имирашев.

Сот отырысында айыпталушы Жандос Сәлімов өзіне тағылған айыптардың қорытындысынан хабарсыз болып шықты.

Сауда үйі маңындағы тәртіпсіздік кезінде 165 адам ұсталып, 20 шақты күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Олардың арасында кәмелеттік жасқа толмағандар да бар. Атышулы оқиға 31-тамызда Прайм плаза сауда орталығында әнші Қайрат Нұртас сахнадан кетіп қалғаннан кейін болып еді.

Сотталушыларды әнші Қайрат Нұртастың өнеріне табынушылар деуге келмейді. Олар концертті тамашаламаған. Дегенмен айыпталушылардың кінәсі дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал алдағы дүйсенбі сот процесі талас-тартысты болмақ. Өйткені олардан жапа шеккендер сотқа қатысуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/293542-prajm-plazadagy-byzakylykka-katysty-sotka-kajrat-nyrtas-kelgen-zhok.html