RU

Ақтөбелік миллионер ақша табудың жолын үйрететін кітабын жариялады

Астанада ақтөбелік кәсіпкер Марат Әбиев пен журналист Ақмарал Майкөзова бірлесіп жазған "Казахстанская мечта" кітабының тұсаукесері өтті.

Марат Әбиев - "Forbes Қазақстан" журналының нұсқасы бойынша отандық миллионерлер тізіміне енген жас кәсіпкерлердің бірі.

"Казахстанская мечта" кітабында автор беделді адамдармен байланыс ұстамай-ақ, ата-ананың байлығына жүгінбей-ақ, заңға қайшы шықпай-ақ адал еңбекпен миллион доллар табудың жолы туралы өзінің ой-пікірімен бөліскен.

"Адамға ақша табуға мүмкіндік берген дұрыс. Ақша оны бүлдіреді. Ал мүмкіндік, керісінше көтереді. Ақша табу - қажырлы еңбек, ол маған да аспаннан түскен жоқ. Мен 10 жасымнан 23 жасыма дейін еңбек еттім. Бұл кітапта жинаған тәжірибемді оқыған жастардың көбі шабыттанып, кәсіпкерлікпен айналысады деп ойлаймын. Мақсатым - жастарға шабыт беру", - деді автор баспасөз мәслихаты барысында.

Сонымен қатар, "Казахстанская мечта" кітабында кәсіпкер кез келген бизнес бастаманың табысты болуы қазақ менталитеті мен психологиясын білуге байланысты екенін айтқан.

"Іштей биязы болып, қазақтың тілін, салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтеу керек", - дейді М.Әбиев.

Автордың айтуынша, кітап кәсіпкер болғысы келетіндерге, қиындықтарға қарамастан ілгері қадам жасай алатын адамдарға арналған. Кітаптың тиражы 7777 дана, деп хабарлайды Астана әкімінің баспасөз қызметінен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/294086-aktobelik-millioner-aksha-tabudyn-zholyn-yjretetin-kitabyn-zhariyalady.html