RU

СҚО әкімі Петропавл атауын өзгертпейміз деп, жоқ жерден неге жік шығарып жүр?

Қазақ бола тұра кеңес заманында туылып, Света, Ирина немесе Марина атын ғұмырының соңына дейін алып жүруге мәжбүр қазақтарды түсінуге болатын шығар.

Алайда бір заманда патшаның әмірі, қала берді, "қызылдардың екпінімен" жазықсыздан-жазықсыз орысша атанып кете барған қазақ жерлері ше? Көбіне "овка" боп келетін орысша атаудағы елді мекендердің санына жете алмасымыз анық, алайда солтүстіктегі екі бірдей елеулі қаламыздың бірі Павлодар, екіншісі Петропавл болып жүргені қалай? Тәуелсіздігімізді алғалы 20 жылдан асты, Кереку мен Қызылжар неге әлі күнге баз баяғы атаумен тұр?

Жоқ жерден жік шығарып тұрғанымыз жоқ, таяуда ғана, яғни 6 желтоқсан күнгі Ас­тана қаласы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескен­діров: "Ономастикалық заңдарға қатаң өзгерістер енгізілді. Өздеріңіз білесіздер, қаланың атауын өзгерту үшін халықтың келісімі керек. Петропавл қаласының ата­уын Қызылжар деп өзгерту туралы мәселе көтерілген емес. Сондықтан өзгертуге ешқандай негіз жоқ" дегені.

Оған дейін жергілікті халық, жалпы, қазақ Қызылжар мен Керекудің атаулары қайта оралады деп күткен, үміт оты алау­лап тұрған. Оған негіз жоқ емес-ті. Басты негіз – Елбасымыздың өз сөзі. Президент Н.Назарбаев 2008 жылдың 29 мамы­рын­да қазақтілді басылымдар редак­тор­ларына берген сұхбатында былай деген болатын: "Қазақта "Жерiңнiң аты – елiңнiң хаты" деген сөз бар. Халық жерге ат қою арқылы елiнiң тарихын да жазып отырған. "Тәуелсiз мемлекеттiң бiр белгiсi – оның ұлттық нышандары" десек, сол ұлт­тық ны­шандар елдi мекендердiң, көшелердiң, алаңдардың да аттарынан көрiнiп тұруға тиiс. Елiмiздiң зиялы қауымы бiраздан берi "Петропавл мен Павлодар секiлдi қала­лардың атауларын да өз­герт­сек" деген ұсы­ныстар айтып жүр. Ленин­град, Ста­линград, Ульяновск секiлдi қала­лар, басқа да жер аттары өзгерiп жатқанда, бұл да – орынды ұсыныс...".

Бұл 2008 жыл десек, 2009 жылдың 27 ақпанында облысқа барған сапарында Елбасымыз ең әуелгі сөз басын "Құрметтi, қызыл­жар­лық­тар!" деп бастағаны, ақпан ортасында ай­тыл­ған осы бір ауыз жылы сөздің өзі қала тұрғындарының жүрегіне жылылық ұя­латқандай болғаны" жайлы газетіміздің 2009 жылғы бір санында жария болған да еді.

Тіпті мақала атауы "Президент "Қызыл­жар" десе, әкiм "Петропавл" дейдi!" деген болатын.

Жалпы, шаһардың тарихи есiмi Қызыл­жар екенi әлдеқашан дәлелденген. Қадым заманда Қожаберген жырау: "Атыңды "Қызылжар" деп бабам қойған" деп жыр­ласа, күні кеше қызылдардың қаһарынан қан тамып тұрған ХХ ғасырдың өзінде жазушы Сәбит Мұқанов өзінің "Аққан жұл­дыз" романында: "Бұл қаланың Қызылжар деп аталатын себебi – Есiл өзенiнiң топы­рағы қызғылт түстi жарына орнағандықтан екенiн бiлемiз", – деп тайға таңба бас­қандай етіп жазса, Iлияс Есенберлиннiң "Көшпендiлер" трилогиясында да қала­ның аты Қызылжар деп жазылады.

Тіп­­­ті 1925 жылдың жазында Ақмола гу­берниялық атқару комитетi қала атауын "Қызылжар" деп өзгерту туралы шешiм шығарып, бiрнеше жыл қала ресми түрде осылай аталса керек. Бұл жайлы осыдан бес жылдай бұрын және одан бері де Қызыл­жардан әріптесіміз Ербақыт Аман­тайұлы ұдайы жазып тұрады.

Жоғарыдағы Елбасымыздың сөзі бар, қала берді, жергілікті халық бірауыздан тари­хи құжаттарға сүйене отырып осы мәселеге заң тұрғысынан баға беруін сұ­рап, бір кездері ҚР Бас прокуроры болған Қайрат Мәмиге депутаттық сауал жолда­ғанда, Бас прокурор бастамаға қолдау білдірген.

"Петропавл қаласының атауы тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де бар" деп жазады "Халық сөзі" газетінде журналист Айгүл Аханбайқызы, өзінің қа­ла атауын неге Қызылжар деп өзгерту керектігі жайлы мақаласында. Ал оны жазуға Мәскеуде тұратын саясаттанушы Дмитрий Верхотуровтың "Аргументы в пользу Кызылжара" деген мақаласы елең еткізсе керек.

Мәскеулік саясаттанушы Пет­ропавл қаласын Қызылжарға ауыс­тырудың сойылдай мықты төрт себебін жіктеп беріпті.

Біріншіден, Петропавловск атауы Қазақстанда ғана емес, Камчаткада бар және ол бұл Петропавлдан асып тү­седі, ал ол қай қала үшін болса да аса қо­лайлы емес, әлдеқайда белгілі әрі атақты бәсекелесінің жанында біздікі көлең­кеде қалып қояды.

Екіншіден, Қызыл­жар атауы орысша айтуға да, қазақша қолдануға да ыңғайлы әрі ықшам. Ал бұл себеп – ең маңыздысы. Себебі қазақ тілі мемлекеттік тіл болғаннан кейін әр сөзді қолданудың тиімділігі мен тазалығына басымдық берілуі қажет.

Үшіншіден, Қызылжар атауы – бейтарап. Христианның екі әулиесінің атынан қосақталып пайда болған немесе "міне, қаланы біз, орыстар тұрғыздық" дегенге тұспалдап тұрған Петропавл сияқ­ты емес, Қызылжар деген атта ешқандай да діни, ұлттық-тарихи мағына бүрке­мелен­беген.

Төртіншіден, Петропавл ата­уын ауыстырғаннан бұрынғы жасал­ған ізгі істер мен тарих естеліктері біржола өшіп кетпейді. Ол тарихи және мәдени мұраның бір бөлігі болып қалады" дейді автор.

Қорыта айтқанда, басты құнды­лы­ғымыз – Тәуелсіздік мейрамы келе жатыр. Ел болып еңсе тіктейтіндей кезіміз жетті. Бұрын "енді ғана аяққа тұрып жатырмыз" деп ақталып, өткір мәселеге келгенде ай­на­лып өтетінбіз. Алайда "кейінге қал­дыру" – істемей қоюдың ең оңай тәсілі екенін ес­керсек, тап осы ел мен жер атауын елемей қою немесе жылы жауып қоя салуға қақы­мыз жоқ. Неге?

Әрине, Петр пен Павлдай патшалардың өз басына айтар дауымыз жоқ, алайда әңгіме Алаш даласына келіп тірелгенде, Кереку үшін керек болса у үшіп, Қызылжар үшін қызыл­кеңірдек болуға әр қазақтың қақы бар! Себебі қойнаудағы малы, тіпті қойнындағы жарын берсе де, ұлтарақтай жерге кел­генде ұлы баба­ла­рымыз егеулі найзаны қолға алып, ереуіл атқа ер салған! Әрине, мұнымен айтпа­ғымыз, қазақ жерінің әу бастағы "азан шақырып" қойылған атын қайтару керек!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/294253-sko-ekimi-petropavl-atauyn-ozgertpejmiz-dep-zhok-zherden-nege-zhik-shygaryp-zhyr.html