RU

Рахман қайнарларының шыңында 9 қанатты ерекше мешіт ашылды

Шығыс Қазақстанда 9 қанатты ерекше мешіт ашылды. Ол 1800 метр биіктікте Рахман қайнарларының шыңында салынған. Бір қызығы - мешіттің құрылысы басталғанда, ұсталарға аспаннан Аят түссе керек.

Елімізде арайлап атқан күн сәулесі ең алдымен Шығыс Қазақстандағы Белуха тауына түсетіндігі белгілі. Сондықтан жаңа мешітте таң намазы өзгелерден ертерек оқылады.

"Бұл қуаныш, жалпы Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарының қуанышы. Еліміздің ең шеті, қасиетті орын. Мынау Рахман, мынау Мұзтау", - дейді имам Ибрагим-қажы Қарнақбай.

Мешіт құрылысын жергілікті архитектор Қайрат Оспанбаев жүргізген. Ерекше әдіспен салынған Алла үйін қалауға 80 мың тас кеткен екен. Қиыршық тастарды арнайы Өзбекстаннан алдырған. Ал құрылыс басталар күні аспанда пайда болған Алла деген жазуды қалың бұқара суретке түсіріп алыпты."Біз мешітті салғанда, алладан Аят түсті. Мына суретте өздеріңіз көріп тұрсыздар, аспанда Алла деген жазу шықты. Осы суретті түсіріп алдым", - дейді құрылысшы Қайрат Оспанбаев.

Мешітте Алланың 99 есімі жазылған. Енді Рахман қайнарларына емделуге келген азаматтар мешітке бас сұғып, Аллаға құлшылық ете алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/294410-rahman-kajnarlarynyn-shynynda-9-kanatty-erekshe-meshit-ashyldy.html