RU

Елімізде бір сағаттық күйеу мен қоқыс төгіп беру қызметі белең алды

Елімізде бір сағаттық күйеу немесе әйел және азық-түлік әкеп беретіндер мен қоқысыңызды төгіп беретін қызметтер пайда болды.

28 жастағы Бауыржан Қапаровтың негізгі қызметі электрик, ал қолы боста ол "бір сағаттық күйеу" бола салады. Бастапқыда оның бұл ұсынысын басқаша қабылдағандар да болыпты. Бірақ, Бауыржан еш арланбастан, ертелі-кеш келіншектер мен қарт аналарға қолғабыс етіп келеді. Бастысы тапқан табысы - адал.

Оны жалғыз басты зейнеткер де шақыртады. Жасы жетпісті алқымдаған қария тың көрінгенімен, үйдегі шаруаның бәрін бір өзі тындыра алмайды. Сондықтан істен шыққан дүниелер мен бітеліп қалған құбырларын осы "бір сағаттық күйеуге" жөндетіп алады.

"Жалғыз тұратындықтан алғашында үйге белгісіз ер адамды шақыруға жүрексініп жүрдім, алаяқтар жетеді ғой қазір. Бірде жарық сымдарын жөндеу үшін электрикті шақырғанымда ол менен 15 мың сұрады. Бұл өте қымбат. Ал мынадай жігіттерге қандай жұмыс істетсең де сағатына небәрі 1000 теңге алады", - дейді зейнеткен Людмили Жоламанова.

"Қазір бір жалақыға күн көру мүмкін емес. Сондықтан қолдан келсе кез-келген іске кірісіп кетуге арланбаймын. Қазір тұрақты клиенттерім де бар, үлгермей жатамын. Алдағы уақытта команда жинап, қызметімді кеңейтуді жоспарлап отырмын", - дейді Бауыржан Қапаров.

Ал 20 жасар Аян Абраев әр күнін қоқыс шығарудан бастайды. Бірақ өзінікін емес, өзгенікін. Мұндай ерекше қызметті жарты жыл бұрын бастаған оның кәсібі бүгінде өрге басқан.

"Жақсы балалар, келіп уақытында алып кетеді. Подъезіміз таза. Қасымызда адамдар тұрмаса да командировочныйлар көп. Олар ақша төлемесе де солардың да қоқысын алып кетеді. Қаншама адамға жақсылық жасап жатыр", - дейді қала тұрғыны Сәуле Қалибекова.

Әуелде бұл қызметі үшін айына 750 теңге алып келген Аян, енді қасына серік алып, төлемді 2000-ға дейін көтермекші екен.

"Қоқыс шығару жөнінде жақын досым айтты. Ол өзінің жасы келмей, мен бастадым. Қысқа байланысты клиенттер көбейіп жатыр", - дейді жеке кәсіпкер Аян Абраев. 

Осындай елеусіз, бірақ берекесі мол кәсіптің еш кетпесін қазақстандық ең жас миллиардер Марат Әбиев те жақсы біледі. Біле білсеңіз ол мектепте оқып жүргенде жыртылып қалған кітаптарды осылай желімдеп пайда тапқан. Жастайынан тиыннан тын құрап үйренген оның бүгінде бірнеше шет мемлекетте ірі зауыттары бар. Балалық шағында тапқан алғашқы теңгелерін Марат былай еске алады.

"Екі дүкеннен бүкіл скотчтерді сатып алдым. Мектепте 5-6 бумасын қойып, бір жапсыру 5 теңге дедім. Сонда бәрі күле бастады. "Қой, мен одан да өзім сатып әкелем" деп. 5-6 бала магазинге барды, скотч жоқ. Базарға баруға қорқады. Сосын маған келіп, менен сатып ала бастады. Мен сонда 7000 теңгедей таптым 12 жасымда. Демек, талап қылған адам табысқа да жетеді. Тек заман сұранысына сай қажеттіліктердің кілтін шеберлікпен таба білсеңіз болғаны", - дейді қазақстандық миллиардер Марат Әбиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/294973-elimizde-bir-sagattyk-kyjeu-men-kokys-togip-beru-kyzmeti-belen-aldy.html