RU

Уәлибек Әбдірайымов пен Тука халық алдында татуласты

"Алдараспан" мен "Шаншар" татуласып жатыр. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында театр басшылары бітімгершілікке келіп, ел-жұртқа уытты әзілдерін ұсынуда.

Алайда, кейбір жұртшылық бұл әу бастан ақша үшін қолдан жасалған "пиар" десе, енді бірі "екі театр қайтадан баяғыдай бір театрға айналады екен" деп жүр.

Нұржан Төлендиев Шаншардан бөлініп, жеке театр ашқанда, жұртшылық Тука мен Уәлибек ұрсысып қалыпты, енді қайсысы озып, қайсысы тозып кетер екен деп, талайға дейін аңдысын аңдыған.

Уәлибек Әбдірайымов пен Нұржан Төлендиевтің арасында үлкен дау-дамайдың болғанын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де жарыса жазған болатын. Тіпті, өнер иелерінің өздері де бір-біріне деген өкпе-реніштерін қоғам алдында ашық жариялаған еді.

"Басында кеткенде ренжідік, кейіннен бұлар шамалы есін жиғаннан кейін алдымызға келіп кешірім сұрап сөйтті. Сондықтан болар, бітімкершілікке келе алмай жүрген қос театрдың бірігіп концерт беруі - көпшілік үшін күтпеген жаңалық болды. Бұл татулық концерті десе болады", - деді "Шаншар" театрының директоры Уәлибек Әбдірайымов.

"Ол идея менікі, менікі болғанда, Уәкеңнен рұқсат болмаса мен енді өзімнен-өзім шақырмаймын ғой", - дейді "Алдараспан" театрының директоры Нұржан Төлендиев.

Уәлибек, Жүсіп, Туканы қайтадан бір сахнадан көруді қалың жұртшылықта сағыныпты. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еліміздің біраз өңірін аралап үлгерген қос театрдың кешінде ине шаншыр орын болған жоқ.

"Бүкіл Қазақстанды аралап келе жатырмыз. Барған жерімізде 3 сеанс деген жерде 4 сеанс. 2 сеанс деген жерде 3 сеанс беріп жатырмыз. Сонда Уәкеңнің айтатыны ғой, Көрдің бе Нұржан біздің тату болғанымыз екеумізге ғана емес, халыққа керек екен деп", - деп ағынан ақтарылды Нұржан.

Нұржан Төлендиев киелі сахнаға ұстаздарыммен қайта шығу шабытыма серпін берді десе, Уәлибек Әбдірәйімов "Шаншарда" Қошан, Тука, Ақ тырна, Сал серінің соңғы тұяғы сияқты рөлдермен танылған Нұржанның орны кәдімгідей ойсырап қалғанын айтады.

"Нұржан бар кезде қандай рахаттанып ойнаушы едік. Берген тапсырмаңызды 150 пайыз, 200 пайыз асырып жіберетін", - дейді Уәлибек Әбдірайымов.

Бұл екі театрдың қайтадан баяғыдай бір театрға айналуы емес, тек тұтасып өткізген татулық кеші деп қана түсініңіздер деген театр басшылары алдағы күндері жаңа қойылымдарымен еліміздің барлық аймақтарын аралап, жұртты таң қалдырмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/295234-uelibek-ebdirajymov-pen-tuka-halyk-aldynda-tatulasty.html