RU

Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты деректер анықталды

Тергеу барысында Рустам Ибрагимовтың Алтынбек Сәрсенбаев пен оның 2 көмекшісін өз қолымен өлтіргендігін мойындап жазған қағаздың көшірмесі анықталды.

2006 жылдың 11 ақпаны күні маған Мұсаев белгілі саясаткерді Медеу шатқалындағы демалыс орнының алдынан күтіп алуды бұйырды деп басталған жазбада қанды оқиғаға кімдердің қатысы бар екені түгел баяндалған.

Бұл арызды АҚШ-тың федералдық тергеу бюросы да тексеріп, Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруге тапсырысты Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың бергендігін растады. Қылмыс әшкере болады.

Бұл құжатты Рустам Ибрагимов өз қолымен жазған. Мұнда Ибрагимовқа Ержан Өтембаев бас араздығына байланысты Сәрсенбаевты өлтіруге емес, тек қана қоқан-лоқы жасап, күш көрсетуге тапсырыс бергендігін айтады.

Ибрагимов Өтембаевтың өтінішін Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевқа жеткізеді. Олар бұл жайтты пайдаланып, Сәрсенбаевты өлтіруге тапсырыс береді.

Алтынбек Сәрсенбаевтың өліміне қатысты істі ашуға АҚШ-тың федералдық тергеу бюросының мамандары келді. Бұл ұйымның қызметі жоғары бағаланатыны елге белгілі. Істі қарау кезінде Өтембаев та, Ибрагимов та айтылған сөздің рас-өтірігін анықтайтын арнайы құрылғымен тексерілді,- дейді А. Сәрсенбаев өліміне қатысты іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Владимир Кириленко.

"Өтембаев Сәрсенбайұлын өлтіруге емес, тек ұрып-соғуға ғана тапсырыс бергендігін алға тартты. Алайда, Ибрагимов Сәрсенбаев жаман адам, оны өлтіру қажет деп айтқан. Сонда Өтембаев оның бұл сөзін мақұлдайды. Ол Ибрагимовтың Сәрсенбаевты өлтіруге қатысты ойымен келіскенін мойындады" - деп баяндады Кириленко.

Ибрагимовке Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаев Сәрсенбаевты өлтірмесең, өзің жазаланасың дегенді айтқан. Ол тек өзінің өмірі емес, түгел отбасының тағдыры үшін қорыққан. Ол Әлиев пен Мұсаевтың неден болса да тайсалмайтындығын білген. Олар азаптаудың небір құйтырқы әдістерін жасайды, қанпезерліктерінен тәжірибелі тергеушілердің өзі қорыққан.

Бұл мәселе атышулы Жолдас Тимралиев, Айбар Хасенов сынды азаматтар мен "НТК" арнасының жүргізушісі Анастасия Новикованың өліміне қатысты. Азаматшаны өлтірместен бұрын бірнеше сағат бойы қинап, азаптаған. Сосын көпқабатты үйдің терезесінен лақтырып жіберген.

Осындай әрекетерінен кейін Ибрагимов шындықты айтудан тайсақтаған. Әлиев пен Мұсаев тіпті суыққанды кісі өлтірушілердің өзіне үрей туғызған.

"Бұл мәселе Рахат Әлиевке байланысты көтерілген болатын. Сот тарапынан Ибрагимовқа сұрақ қойылды, алайда ол Әлиевтің қатысы барын жасырды", - дейді А. Сәрсенбаев өліміне қатысты істі қараған судья Лұқмат Мерекенов.

Енді басты мәселе анық болды. Рахат Әлиев Алтынбек Сәрсенбаевты саясат алаңынан біржола жоюды көздеген. А.Сәрсенбаевтың өлімі арқылы мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған Рахат Әлиевтің бұл көп жоспарларының бір бөлігі ғана болатын.

АҚШ-тың федералдық тергеу бюросы Рустам Ибрагимовтың шындықты айтқанын растады. А.Сәрсенбаевты өлтіруге Рахат Әлиев тапсырыс берген.

"АҚШ федералдық тергеу бюросының әлем бойынша беделі бар. Сондықтан еліміздің Жоғары соты оларға сенімсіздік танытуы мүмкін емес. Дегенмен, сот федералдық тергеу бюросы полиграфолог мамандарының есебін қосымша сот отырысында тексеретін болады", - дейді Әділ Құрықбаев, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы.

"БАҚ-та Өтембаев басқа да қылмыстарға қатысы барма деген сұрақ жиі айтылады. Жеті жылға жуық абақтыда жазықсыз отырды ма? Дегенмен, өлімге қатысы болмағанның өзінде, басқа да қылмыстың белгілері бар. ", - дейді А.Сәрсенбаев өліміне қатысты іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Владимир Кириленко.

"АҚШ-тың федералдық тергеу бюросы Өтембаевтың Сәрсенбаев өлімі туралы білгендігін анықтады. Алайда, ол осы жайтты болдырмау үшін ешбір шара қолданбаған. Тіпті, Ибрагимов жасаған қылмыстары туралы Өтембаевқа айтқан. Ол өз кезегінде бұл жайттарды құқық қорғау органдарына жеткізбеген", - деп атап өтті Кириленко.

Алтынбек Сәрсенбаев пен оның 2 көмекшісіне қатысты қылмыстық істі сот қайта қарайды. Сол кезде ғана бұл қылмысты істің соңғы нүктесі қойылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/295612-altynbek-sersenbajylynyn-olimine-katysty-derekter-anyktaldy.html