RU

Қарағандыда жол ақысы 50 теңгеден 80 теңгеге дейін өсті

Қарағандылықтар Жаңа жыл қарсаңында жағымсыз жаңалық естіді. Қоғамдық көлікте қатынау үшін енді қарағандылықтар бұрынғыдай 50 теңге емес, 80 теңге төлейді.

Қала әкімі Мейрам Смағұлов қол қойған, жол ақысы тарифтері туралы құжат әкімнің ресми сайтында жарияланды.

Жолаушы тасымалдаушылардың талабын шахтерлар астанасының билігі және мәслихат депутаттары толық қолдаған. Нәтижесінде жол ақысы 60%-ға бірден артты. Халықтың наразылығына қарамастан, жолаушы тасымалдаушылар қаржының жетпейтінін алға тартыпты.

Қабылданған құжат бойынша, жаңа тариф 30-шы желтоқсаннан бастап іске асуы тиіс болатын. Бірақ қала автопарктері тұрғындарға тосынсый болсын деп, бұл өзгерісті 4 қаңтардан енгізуді жөн санапты. Ал өсімді тым қымбат деп санайтын Қарағанды облысы Кәсіпкерлерінің аймақтық палатасы әлі де өз ойларынан қайтар емес.

Олар ең болмағанда, жолақысының 65 теңгеге түсірілгенін қалайды. Қазіргі кезде қалалық прокуратура тарифтің көтерілу себептерін тексеріп жатыр. Мұндай тиісті мекеменің жауабын күтпей тұрып, қалалық әкімшіліктің өз бетімен шешім қабылдауы алдағы күндері арнайы брифингте түсіндіріледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/295814-karagandyda-zhol-akysy-50-tengeden-80-tengege-dejin-osti.html