RU

Хатшы қызды соққыға жыққан шенеунік экс-сенатордың ұлы болып шықты

Қарамағындағы қызметкерге қол көтерген көкшетаулық шенеуніктің қылығы Үкімет деңгейінде қаралып жатыр.

Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысы бойынша аумақтық жер инспекциясының бастығы Қайрат Бақбергеннің жүгенсіз әрекеті "жазасыз қалмайды" деп сендірді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал жұмысқа удай мас болып келіп, хатшы қызға жұдырық сілтеген адуынды бастық мемлекеттік қызметтен мүлдем қуылуы мүмкін.

21 жастағы Әйгерім Ізахметованың бұл - ең алғашқы қызмет орны. Ертерек тұрмыс құрып, 2 сәбидің анасы атанған соң, осы жұмысқа орналасыпты. Айтуынша, жарты жыл бойы бастығынан боғауыз сөздер естіп келген. Соңғысында удай мас болып келіп, тіпті жұдырық жұмсаған.

"Жұмысымды адал істедім. Екі кішкентайымды таң атпай шанамен сүйрелеп, ата-анама апарып тастап, кешке дейін жұмыста болам. Бірақ, қандай қиын екенін ешкімге айтпаймын ғой. Екі күннің бірінде еститініміз боқтық сөз", - дейді жәбірленуші Әйгерім Ізахметова.

Адуынды бастықтың қылығы үшін бүгін үкіметтегілерге қозғалуға тура келді. Астанада өткен арнайы брифингте Қайрат Бақбергеннің тікелей бастығы Өңірлік даму министрі мен тіпті премьер-министрдің бірінші орынбасары қызға қол көтергіш тентектің заң алдында жауап беретінін қатаң ескертті.

"Менің ойымша, өздерін ұстай алмайтын шенеуніктерге мүлдем жұмыс істетпеу керек. Мұндай басшылардың пайдасынан зияны көп. Ондайларға мемлекеттік қызметке емес, рингке шығу керек", - деді ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.

"Мен тапсырма бердім, қылмыстық іс қозғала ма, әлде әкімшілік іс бола ма, әйтеуір бұл мәселе қозғаусыз қалмайды. Кінәсі дәлелденсе, оны қызметінен қуамыз", - деп жауап берді ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев.

Қайрат Бақберген бұған дейін де, Қызылорда мен Ақтөбе қалаларында жауапты қызметте болғанда қол астындағыларға қырғидай тиіпті.

Ал шалт мінезді шенеуніктің әкесі Бақберген Досманбетов Сенаттың бұрынғы депутаты екен. Қазір ол - "Қазақстан темір жолы" компаниясы президентінің кеңесшісі. Бізбен телефон арқылы тілдескен Досманбетов мырза ұлымның іс-әрекеті үшін жауапты емеспін деп қысқа қайырды.

"Оған байланысты сұрасаңыз, менің ұлым 44-те, 44-тегі баланың әкесінен сұрай ма? Өзі шешсін. Менің қатысым қанша? Ұрды ма, жоқ па, мен нақты білмеймін. Мен қазір Англияда жүрмін", - деді Қайрат Бақбергеннің әкесі Бақберген Досманбетов.

Қазір тентек бастықтың бұл әрекетін жергілікті полиция тексеріп жатыр. Оқыс оқиғадан кейін аяқ-асты ауырып қалған Қайрат Бақбергеннің өзі әлі жұмысына шықпаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/296263-hatshy-kyzdy-sokkyga-zhykkan-sheneunik-eks-senatordyn-yly-bolyp-shykty.html