RU

2013 жылы қазақстандық спорттың қол жеткізген 10 биігі

Жыл соңында жеткен жетістіктерімізді саралап, биігімізді бағамдау мақсатымен 2013 жылы отандық спортта орын алған ең елеулі оқиғалардың тізімін назарларыңызға ұсынамыз.

2013 жылы барша Қазақстан ғана емес, бүкіл дүниежүзі қазақ боксшысының өнеріне тәнті болды. Ол әрине, Геннадий Головкиннің өнері. Головкин өткізген 4 кездесу әлі күнге дейін есімізде. Америкалық Габриель Росадо, жапондық Нобухиро Ишида, британиялық Мэттью Маклин және АҚШ өкілі Кертис Стивенс қазақ боксшысының тегеурініне қарсы тұратын әдіс-айла таба алмай, ойсырай таяқ жеді

Оның гүрзі жұдырығы, шаршы алаңдағы арыны мен сауатты тактикасы, әмбебаптылығы мен таланты бүкіл әлемді мойындатты. Генаның аңдып жүріп дөп тигізетін ауыр соққысы әлі талай "мықтымын" дегендерді сұлатып салатыны сөзсіз.

Кәсіби бокста Головкин 28 кездесу өткізіп, оның барлығында да жеңіске жетсе, 26 кездесуі нокаутпен аяқталды. Головкиннің гүрзі жұдырығына тәнті болған Америка елінің алдыңғы қатарлы НВО арнасы да оған "үздік соққы 2013" жүлдесін табыстады. Сонымен қатар ол WBA "суперчемпионы" атағына ие болып, бірнеше беделді басылымдардың таңдауы бойынша "2013 жылдың ең үздік боксшысы" атанды.

Ал Bleacher Report порталы Головкинді қазіргі заманның ең қауіпті боксшысы деп жариялады. Қазақстандық Геннадий Головкин The Guardian басылымы жасаған соққысы ең жойқын боксшы рейтингінде бірінші орында тұр. Осылайша ол әлемдегі ең үздік нокаутер болып отыр.

Шахтер өтіп бара жатқан жылы ел футболында өзінің мерейін үстем етті. Бұрын-соңды болмаған биігіне қол жеткізе алды десек қателеспейміз.

Қарағандылық "Шахтер" клубы Чемпиондар лигасында "Батэ", "Скендербеу", "Селтик" сынды Еуропаның азулы командаларын жерге қаратып, "кәрі құрлықтың" үстінен мұздай су құйып жібергендей абдыратты да кетті.

Өздерінің бұл "масқарасына" сылтау таппағандай, жауапты кездесулердің алдында ата-салт бойынша, бір қойды құрбандыққа шалып жіберетін шахтерліктердің бұл әдісіне қатты налыды еуропалық аяқдопшылар. Қайдам, әйтеуір сол бір дәстүрінен айырылған "Шахтер" келесі кездесуінде "Селтиктен" ұтылып, Чемпиондар лигасының соңғы кезеңінде сүрінді.

Дегенмен УЕФА ережесі бойынша олар Еуропа лигасына жолдама алды. Лиганың топтық кезеңінде екі ұпай еншілеген кеншілер плей-офф сынына бара алмады. Бірақ "Шахтер" Еуропа лигасына шыққан алғашқы және әзірге жалғыз команда есебінде тарихта қалды.

Сонымен қатар 2013 жылы алматылық "Қайрат" клубы футзалдан УЕФА кубогін ұтып алды.

Бұл оқиға да спортта орын алған жылдың ең үздік оқиғаларының тізіміне енгізуге тұрарлық. Қазақстандықтар жартылай финалда атақты "Барселонаны" сан соқтырып, ақтық сында мәскеулік "Динамо" клубын тізе бүктірді.

Қазір қазақстандық команда УЕФА рейтінгісінде көш бастап келеді. Осы жетістігінен кейін "Самұрық-Қазына" қоры алматылық клубты "Астана" президенттік кәсіби спорт клубының құрамына алды.

Елеулі оқиғалардың бірі - Алматы қаласында өткен бокстан әлем чемпионаты. Бұл дода Қазақстанда бірінші рет, сондай-ақ, шлемсіз өтіп жатқан алғашқы чемпионат ретінде тарихта қалды. Одан өзге боксшыларымыз сегіз бірдей медаль еншілеп (4 алтын, 2 күміс, 2 қола), айды аспаннан шығарды.

Бұл оқиғаның ең басты жаңалығы - Жәнібек Әлімханұлы. Жүрісі тың, соққылары жойқын. Сөз жоқ, Жәнібек әлемді әлі де талай мойындататын есім. 2013 жыл көп жылдар бойы көлеңкеде жатып, тұралап қалған ұлттық спорттың төресі - қазақ күресін жаңа бір деңгейге көтерді.

Астана қаласында "Қазақстан барысы", одан кейін Таразда әлемнің 8 мемлекеті қатысқан қазақша күрес бойынша "Еуразия Барысы" бірінші халықаралық турнирлері өтті.

Соңғысы тіпті әлемнің 120 еліне трансляция жүргізілген. "Қазақстан барысы", сөз жоқ, соңғы жылдардың көлеміндегі ең ірі жоба.

Оған биыл "Еуразия барысы" қосылды. 21-22 желтоқсан күндері Беларусь астанасы Минск қаласында қазақ күресінен әлем біріншілігі өткенін де айта кеткен жөн. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған дүбірлі додаға 28 мемлекеттен 58 балуан қатысты. 5 салмақ дәрежесі бойынша сынға түскен Қазақстан құрамасы барлық алтын жүлдені олжалап қайтты.

Ол ол ма, қазақ күресі биыл тіпті Африкада да өзінің чемпионатын өткізіп үлгерді. 26 ақпан - 3 наурыз күндері аралығында Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында ұлттық спорт түрі - қазақ күресінен ересектер арасында Африка чемпионатына "Қара құрлықтың" Оңтүстік Африка Республикасы, Зимбабве, Ботсвана, Свазиленд, Габон, Нигерия сынды мемлекеттерінен 30 спортшы қатысыпты.

Биыл Денис Тен бұрын-соңды қазақтың аяғы басып көрмеген биікке жетіп, Қазақстанды әлемге әйгіледі. Мәнерлеп сырғанаудан Канаданың Лондон қаласында өткен әлем чемпионатында қазақстандық Денис Тен күміс жүлде еншіледі. Бұл мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан тарихындағы әлемдік сындағы алғашқы жүлде. Бүкіл жаттығулар мен элементтерді қатесіз орындаған ол қоссайыс қорытындысы бойынша канадалық Патрик Чаннан кейін екінші сатыға тұрақтады-266.48. Алтынға бар болғаны 1,3 ұпай жетпеді.

Осы жеңісінен қанат алған Денис Австрияда және Италия өткен халықаралық турнирлерде ешкімге дес берген жоқ. Әлем оның сұлу қимылына, мәнеріне ғашық болды. Тіпті Денис "Теннің конькиі із қалдыратын болса, ол мұз үстіне айшықты өрнек салып кетер еді" деп тамсанғандар да болды.

Денис Теннен басқа тағы бір Денис бар. Ол - конькиші Денис Кузин деген жас спортшы. Қазақстандық конькиші Ресейдің Сочи қаласында өткен конькимен жүгіру спорты бойынша жеке қашықтықтарда әлем чемпионы болды. Тоғызыншы жұпта 1000 метрлік қашықтықта жүгірген Кузиннің нәтижесі 1 минут 9,14 секунд болды. Екінші орынды оңтүстіккорейлік Тай Бум Мо, ал "қоланы" америкалық Шани Дэвис иеленді. Кузин осы спорт түрінен әлем чемпионатын жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы болып отыр. Бұдан бұрын 1996 жылы 3000 метр қашықтықта жүлдегерлер үштігіне Людмила Прокашева енген болатын.

Еліміздің тағы бір мақтанышы - Жансая Әбдімәлік өзінің дүркін-дүркін жеңістерімен биыл да барша қазақты қуантты.

Жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында 4 рет жеңіске жеткен небәрі 13 жастағы Жансая, биыл Түркияда өткен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, екінші орынға ие болды.

Бұл дүниежүзілік шахматта кездесетін сирек оқиға. Себебі кішкентай шахматшылар арасында 1 жастың өзі үлкен айырмашылық болып табылады. Осы жетістігінен кейін ол Қазақстандағы әйелдер арасындағы ең жас халықаралық гроссмейстер атағына ие болды.

2013 жылы Astana Arlans боксшылары WSB Дүниежүзілік бокс сериясының чемпионатын жеңіп алды. Мамыр айында Астанада өткен доданың ақтық сынында украиналық Атамандарды тізе бүктірген елордалық ұжым WSB кубогінің үшінші иегері ретінде тарихта қалды.

Жақында Италияның Трентино провинциясында XXVI Бүкіләлемдік қысқы универсиада аяқталды. Қазақстандық студенттер жеңіп алған жүлделер бойынша он бесінші орынға (30 құрама арасында) табан тіреді, олардың есебінде 5 марапат (2 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль) бар.

Еске сала кетейік, бұл Универсиадада қазақстандық команда қоржынына шаңғы жарысында Татьяна Осипова мен ағайынды Малышевтердің (Александр және Сергей), Геннадий Матвиенко мен Марк Старостиннің ерлер эстафеталық квартеті "алтын" салды, күміс жүлдеге де сол Марк Старостин мен хоккейден ерлер құрамасы қол жеткізді, ал "қола" жүлдені Ольга Мандрыка, Марина Матросова және Татьяна Осипова үштігі әйелдер эстафетасы әперді.

Бұл универсиадада Қазақстанның хоккей құрамасы тәуір өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. Евгений Рымарев пен Александр Шин Универсиаданың ең нәтижелі ойыншылары деп танылды. Келесі 2014 жылда қазақ жанкүйерлері енді Сочи олимпиадасына және Алматыда өтетін ауыр атлетикадан әлем чемпионатына көз тігеді. Мәртебесі биік додадаларда еліміздің көк байрағының желбірегенін тілейік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/296324-2013-zhyly-kazakstandyk-sporttyn-kol-zhetkizgen-10-biigi.html