RU

Алматыда аурухана қызметкерлері науқас жоқ деп дабыл қағуда

Алматыдағы талма ауруларын емдейтін жалғыз орталық жабылып қалудың алдында тұр. Өйткені, көктемде ғана ашылған аурухана қызметкерлері науқас жоқ деп дабыл қағуда.

Қояншық дертіне шалдыққандарды емдейтін су жаңа мекеме жайлы көпшілік біле бермейді екен. Дәл осындай жағдай өзге әлеуметтік нысандарда да қайталануда.

Талма ауруына шалдығып, айықпас дертке душар болған науқастарға арналған республикалық орталық үстіміздегі жылдың көктемінде пайдалануға берілген еді. Алайда 25 азаматтың жатып емделуіне жағдай жасалған мекеме қазір қаңырап бос тұр.

Бұл қояншық дертіне душар болғандардың жоқтығынан емес, керісінше жан-жақты медициналық көмекке зәру жандарға дұрыс бағыт-бағдардың берілмеуінен, дейді дәрігерлер.

"Негізгі проблема бізді көпшілік біле бермейді. Қаланың ішінде көп тексеретін жерлер бар. Қалада бұл үлкен мәселе емес. Ал ауданда, ауылда ондай жерлер жеткіліксіз деп ойлаймын. Сол дәрігерлер біліп отырса, осындай орталықтың ашылғанын айтып науқастарды осында жібереді деп ойлаймын", - дейді Республикалылқ психиатрия, психотерапия және наркология орталыығының бөлім меңгерушісі.

Алматы облысындағы көзі нашар көретін балаларға арналған республикалық интернатта да осындай жағдай. Есік қаласындағы бұл орталық еліміздің түпкір-түпкірінен келетін зағип балаларға арналып салынған еді. Алайда, мұнда қазір бар болғаны 132 бала оқып жатыр. Оларға оқу бағдарламасынан бөлек, түрлі үйірмелер мен жаттығулар үйретіледі екен.

"Мектеп бағдарламасынан бөлек түзету сабақтары өтеді. Ұсақ-саусақ раторикасын дамыту, мимика-фантомимика, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, кеңістікте бағдарлау сабақтары. Балалардың жан-жақты дамуына үйірмелер жасалады", - дейді көзі нашар көретін балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының ұстазы Ләззат Малдыбаева.

Мамандандырылған мектеп-интернаттың жұмыс істей бастағанына бір жылдан асқан. Мұнда мүгедек балаларға өз бетімен жүріп-тұру мен ортаға бейімделу үйретіледі. Алайда мұндай көмекке мыңдаған баланың қолы жетпей жатыр. Себебі, көптеген ата-ана арнайы орталықтың ашылғанынан әлі де хабарсыз екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/296504-almatyda-auruhana-kyzmetkerleri-naukas-zhok-dep-dabyl-kaguda.html