RU

Қазақстандық рекордтар кітабына енген отбасы

Қазақстандық рекордтар кітабы тағы да бір елеулі есімдермен толықты. Олар – 69 жыл отасқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев пен оның жары Нұрания Адельшина.

Үлкен шаңырақтың аяулы әжесі Нұрания Адельшина жарымен соншама жыл бірге тұрғанын байқамағанын айтады. Қария кеше ғана танысқан сияқтымыз деп отыр. Майданнан оралған сұңғақ бойлы сымбатты жігітпен бар болғаны 2 апта кездесіп, некесін қиған бойжеткен сол жылдары мемлекеттік орбитражда қызмет ететін деп хабарлайды 24 арна.

Болашақ жарымен кездескен сәтін осы күнге дейін ұмытпаған Сұлтан Сүлейменұлы әңгімесін теміржолда ревизор болып жұмыс істеген кезінен бастады.

"Сонда барып, қарасам мемлекеттік орбитр Адельшина деп жазылған. Мен оны жас үлкен азаматша деп ойладым. Бір кезде жап-жас қыз келді. Мен Нұранияны татардың емес, орыстың қызы деп ойладым", - дейді мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев.

Жылы шыраймен қарсы алып, түйткілді мәселені сол сәтте шешкен Нұранияның біліктілігі мен біліміне таң қалған Сұлтан аға сол сәтте жүрегінде сезім ұшқыны пайда болғанын жасырмады. Көп ұзамай оны қызмет орнынан Мәскеуге 6 айлық курсқа жібермек болады. Ақсақал бұл жағдай менің тез арада шешім қабылдауыма түрткі болды деп отыр.

"Біз жолықтық. Мен оның маған ұнағанын айтып, үйленуге ұсыныс жасадым", - дейді қария.

Нұрания Адельшина әскери адамға тән қатаңдықпен айтылған сөзге "иә" деп жауап беруден басқа амалы қалмағанын айтып әзілдейді.

"Сұрапыл соғыс жылдары шам да болған жоқ. Майшамның күңгірт жарығынан ол менің келбетімді дұрыстап аңғармады деп ойлаймын. Кейін туған-туыстарымен таныстырғанда олар мені жақтырмады. Алматыдағы сұлу қыздардың ішінде таңдағаның осы болды ма? Өзі қаланың да қызы емес деп айтқандары бар", - деп еске алады С. Жиенбаевтың әйелі Нұрания Адельшина.

Уақыт өте, берік тіреуі, адал серігі бар азаматтың жұмысы алға басып, Сұлтан Жиенбаев қарапайым ревизордан Қазақ КСР Сауда министрі, Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары қызметтеріне дейін көтерілді. Ал үйдің отын маздатып, берекесін сақтаған, бала тәрбиелеп, қоғамның да, мемлекеттің де жұмысын бірге алып жүрген Нұрания Адельшина қашанда жолдасының тілеуін тілеген.

"Екеуміздің қатты сөзге келіп, ұрысқан сәтіміз де болмады. Кейбір кездері отағасынан сөгіс естіп қалатынмын. Бірақ, ол көбіне алдына келген тамақ тұзының көптігіне, не аздығына, еттің қаттылығына байланысты ескертулер болатын. Ал мен ондай кезде үндемеуге тырысатынмын", - дейді ол.

Мәскеуге жиі баратын жолдасын бір сәт есінен шығармаған Нұрания оған хат жазудан жалықпайтын. Сұлтан ағаның елдегі жұмысы қауырт кезде әрдайым қасынан табылып, қолынан келгенше көмектесетін ол қайын жұрттың да тілін таба білді.

Енді олар арадағы сыйластықтың жемісін көріп отыр. Бүгінде 3 баладан 6 немере, 13 шөбере сүйіп отырған Сұлтан Жиенбаев пен Нұрания Адельшина киелі шаңырақтың шайқалмауын, игі дәстүрдің жалғасуын тілейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/297080-kazakstandyk-rekordtar-kitabyna-engen-otbasy.html