RU

Жұлдызнамашылар жылқы етін жемеуге кеңес берді

Жылқы жылы жұтсыз өтеді. Бұл - алаш жұртының жыл иесіне жасаған тұжырымы. Қашан да, ас мәзірінде жылқы етіне басымдық беретін біздің қазақ биыл да әдетінен жаңылмады.

Отандастарымыздың бұл ет түріне деген сұранысы күн санап артуда. Ал астрологтар жаңа жылда жылқы етін жемеуге кеңес беруде.

Халқымыз Қамбар ата тұқымын қашан да пір тұтқан. Етін тіл үйіретін асқа, қымызын талай дерттің шипасына балаған. Ұлттық ас мәзірін асқақтатқан жылқы етіне деген сұраныс биыл да асқақтап тұр. Үш жылдан бері, асыл тұқымды төрт түліктің етін сатумен айналысатын Шолпан апай да, биылғы жылы бұл етке сұраныстың ерекше екендігін айтуда.

"Келесі жыл жылқы жыл болғандықтан, жылқы етіне сұраныс көп қазір. Қазы-қарта, жал-жая дегендердің барлығын өзіміз жасаймыз. Қордайдан келеді еттің барлығы, біздің қолдан өтеді", - дейді сатушы Шолпан Белесбекова.

Ал жұлдыз санап, алдағы жылға болжам жасаумен айналысатын сәуегейлердің пікірі бір арнаға түйіспеді. Бірі жылдың иесі жылқының етінен жасалған тағамдарды жеуге болады десе, бірі мүлдем дастархан басына қоюға болмайды деген пікірде.

Ойлары сан-саққа жүгірген, болжаушылардың бірі Инзелья Маречек қазақстандықтарға қазы жеуге болады, дейді.

Ал, отандық шоу бизнес жұлдыздарына жұлдызнама жасаумен айналысатын белгілі астролог Станислава Бояркина әріптесінің болжамымен мүлдем келіспейтін көрінеді.

"Келе жатқан жылдың иесі қандай жануар болса, соның етін дастархан басына қоймайды деген ырым бар халықта. Астрологтар да бұл пікірді қолдайды. Себебі, жыл иесі адамдардың бұл әрекетіне наразы болуы мүмкін", - дейді жұлдызнамашы Бояркина.

Алайда, жұлдызнамашының пікіріне құлақ асып жатқандар саусақпен санарлық. Жаратылысынан табаны жер иіскемеген ұлан байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, бір сөзбен айтқанда, бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатыр.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/297456-zhyldyznamashylar-zhylky-etin-zhemeuge-kenes-berdi.html