RU

Орташа ауыр және ауыр емес қылмыс жасағандар енді айыппұлмен құтылады

Кісі өліміне соқтырмаған орташа ауыр және ауыр емес қылмыстардың бәріне айыппұл салынады.

Бұл туралы бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Иоган Меркель мәлім етті. Еске салсақ, отырыста Қылмыстық кодекс жобасының жаңа редакциясы талқыланған болатын.

"Қолданыстағы Қылмыстық кодекспен салыстырсақ, жаңа жобада негізінен жазалау жүйесі қайта қарастырылды және бас бостандығынан айырудың балама шараларын кеңінен енгізу қамтылып отыр. Атап айтқанда, айыппұл салу кісі өліміне соқтырмаған орташа ауыр және орташа қылмыстардың барлығына көзделетін болады. Бұдан басқа, балама жаза ретіндегі айыппұл салу қосымша 162 санкцияға енгізілді. Ал оның үлесі 50 пайызға жетсе, айыппұлдар мөлшері орташа алғанда 57 пайызға арттырылды", - дейді И.Меркель.

Бұдан бөлек, кодекс жобасымен айыппұл санкциясына жақындатылған балама жаза түрі ретінде еңбекпен түзеу жұмыстарына ұстау тәртібі өзгертілген. Ал айыппұл төлеу мен еңбекпен түзеу жазаларынан жалтарғандарға бостандығын шектеу шаралары қолданылатыны да қарастырылып отыр.

"Осындай нормалардың өзі балама жазалардың нақты орындалуына өз септігін тигізетіні болжанады", - дейді Бас прокурор орынбасары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/298052-ortasha-auyr-zhene-auyr-emes-kylmys-zhasagandar-endi-ajyppylmen-kytylady.html