RU

Көкек ана төрт баласын тастап, Ресейге кетіп қалған

Орал қаласының тұрғыны Яна Плотникова туған қызы тастап кеткен үш немересін жалғыз өзі бағып отыр, деп хабарлайды BNews.kz. Төртінші бала басқа әжесінің қарауында.

Төрт баланың анасы 27 жасар Елена Плотникова Қазақстан аумағынан жырақ кетіп, балаларының тағдырына еш алаңдамайды екен. Яна әжей жеті жасар Ангелинаны, үш жасар Ева мен он айлық Егорды бағып-қағып отыр. Тағы бір ұлы – төрт жасар Дима басқа әжесінің қолында.

"Қызым тәрбиелеуге шамасы жоқ екенін айтып, балаларын маған қалдырып кетті. Әрине, оған ауыр тиеді. Өзі үшін өмір сүргісі келетіні белгілі. Кенже Егордың жәрдемақысына күн көріп отырмыз – 15 мың теңгеге. Оның өзін тек бір ай ғана алдым. Елена барлық ақшаны шешіп алып, Ресейге тайып тұрды", - дейді ол.

Бөбектердің үлкен әжелері де қол ұшын беріп тұрады – Ангелинаны музыка мектебіне апарып-алып келеді. Көкек ананың әжесі қыдырымпаз немересі балаларына қайтып келетініне күмәнмен қарайды.

"Елена қыдыруды үшінші сыныптан бастаған. Біз оның жүріп-тұруына тиын жинап жүргенде, ол мектепке бармай, қала кезіп кететін", - дейді төрт баланың үлкен әжесі Анастасия Завадская.

Ангелина қазір әжесін ана дейді екен.

"Анам қиналып жүр. Мен оған көмектескім келеді, бірақ мен әлі кішкентаймын ғой", - дейді жеті жасар қыз.

Қазір әжесі тәрбиесіндегі қалған балаларды да заңды түрде өз қамқорлығына алмақшы. Қазір 47 жасар әйел ыңғайы келген жерден нәпақа тауып күнін көруде.

"Мен балаларды жетілдіріп, өмірден өз орындарын тауып бергім келеді. Оларды асыраймын деп зейнетке де ақша жинай алмайтын түрім бар", - дейді күрделі жағдайда қалған әйел.

Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған төрт баланың әжесіне облыстық Балалар құқығын қорғау басқармасы көмектесуге уәде еткен екен.

"Заң бойынша бұл мәселемен қамқоршылық органдары айналысуы тиіс. Әжей соларға немесе бізге көмекке жүгіне алады. Бұл мәселені біз өз қолымызға алатын боламыз. Қамқоршылық органдарының немесе полицияның көмегімен анасын табу қажет", - дейді БҚО Балалар құқығын қорғау басқармасының бөлім жетекшісі Римма Көбейсінова.

Апат айтып келмейді демекші, 2011 жылдың көктемінде Янаның күйеуі құрылыста биіктіктен құлап қаза болған екен. Дәл солы жылы кенже қызы да көз жұмыпты. Осындай қиын жағдайда қалған келіншек балалары үшін кез келген көмектен бас тартпайтындығын айтып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/298284-kokek-ana-tort-balasyn-tastap-resejge-ketip-kalgan.html