RU

Жамбыл облысында жетпістегі шал жиырмадағы қызды алып қашты

Жамбыл облысында 70-тегі кісі 21-дегі қызға үйленбекші болып алып қашқан. Бұл туралы "Время" газеті хабарлады.

Оқиға өткен жылғы 18 желтоқсан күні түнде орын алған.

"Сағат 21:30-да маған Қаратау қаласында тұратын Алтынай деген танысым келді. Ол екеуміздің ортақ құрбымыздың үйіне бірге қонаққа барып қайтуымды сұрады. Дайын машина бар деді. Далада шынында ақ түсті BMW тұр екен. Ешқандай бөтен ойда болмаған мен оның артқы орындығына отырдым. Екі жағыма екі әйел жайғасты. Ал алдында шашын ақ шалған, маған ата болып келетін қарт кісі отырды. Оның менде ойы бар екенін ең бір қорқынышты түсімде де көрмес едім", – деді 21 жастағы жәбір көруші, Тараз политехникалық колледжінің оқушысы Кенжеайым Қойтелі.

Оның айтуынша, бұлар Қаратауға келгенде, тойға гуілдесіп дайындалып жатқан жұрттың үстінен түседі. Келе сала олар қызды бір бөлмеге қамап, ұялы телефонын алып қояды. Түнде оған манағы қария келіп, сөйлеспекші болады. Оның аузынан арақтың иісі аңқып тұрады.

Сол кезде Кенжеайым егер өзіне тиісетін болса, өзіне өзі қол жұмсайтынын айтып қорқытады. Келесі күні тойды ұйымдастырып жүргендер мұнда өз еркімен келгені туралы қолхат жазып берсе, ұялы телефонын қайтып беретіндерін айтады.

Алайда, Кенжеайымнан керегін жаздырып алғаннан кейін де телефонды қайтармайды. Ал қолхатты хабаршылар қыздың ата-анасына апарып беріпті.

Сол бойынша соңынан туыс­тары келген кезде Кенжеайым тек өзін алып кетуді ғана сұрайды…

Айтуларынша, бостандыққа шыққан соң қыз полицияға арызданыпты. Бірақ ондағылар ұрлап кетушілердің оны өз еріктерімен босатып жібергендерін айтып, іс қозғамай қояды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/299329-zhambyl-oblysynda-zhetpistegi-shal-zhiyrmadagy-kyzdy-alyp-kashty.html