RU

Бергей Рысқалиевтің қылмыстық тобы қазына қаржысын қалай миллиардтап қалтаға басқан?

Атырауда облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің сыбайластарына қатысты сот процесі жалғасуда. Жарты сағатқа кешігіп басталған отырыста 52 томнан асып жығылатын айыптау қорытындысы оқылды.

Сот алдында жауап беріп жатқан 22 сыбайлас облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевтің командасында қазына қаржысын миллиардтап қалтаға басқан деп хабарлайды КТК арнасы. Барлығы кезіндегі лауазымды шенеуніктер, белді кәсіпкерлер. Ал басты айыпталушы Рысқалиев пен інісі Аманжаннан сол күй хабар жоқ. Қаржы полициясы оларды халықаралық іздеуге берген.

Екінші рет өткен сот процесі кейбір айыпталушылар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Себебі, судья олардың кейбірінің кеше берген өтініштерін қанағаттандырды. Нәтижесінде сотқа қосымша куәгерлер шақырылып, маңызды құжаттар жинақталатын болды.

Ал кейбір айыпталушылардың судья жазасын уақытша болса да жеңілдетті. Экс-әкімнің сыбайласы ретінде үйқамақта отырған екі кәсіпкер әйел ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босталып отыр. Тек жеңілдік бәріне бірдей емес. Өтініші өзгеріссіз қалғандар қатарында Бергей Рысқалиевтың бұрынғы бірінші орынбасары Болат Дәукенов те бар.

Оның "аптасына 3 рет серуенге шығу" туралы арызын судья құптамады. Соттан жеңілдік ала алмағандарына қапалы ма, қазір үйқамақта отырған Атыраудың бір кездегі жақсы мен жайсаңдары тілшілермен тілдесуге де құлықсыз.

Есесіне, адвокаттар ашылып сөйлесті. Айтуларынша, сот процесінде әзірге ешқандай заңсыздық байқалмаған.

Жалпы, айыптау қорытындысында Бергей Рысқалиевтің өз қарамағындағыларға қандай қызметтер үлестіргені, олардың көмегімен мемлекет қаржысының қалайша талан-таражға түскені жан-жақты айтылды. Мысалы, Рысқалиевтің бірінші орынбасары болған Болат Дәукенов қылмыстық топтың барлық қадамын бақылап отырса, қаланың экс-әкімі Асқар Керімов жалған құжаттар мен хаттардың орындаушысы, ал Бергейдің тағы бір орынбасары Асқар Әбдіров мемлекеттік нысандарды жекешелендірумен айналысқан.

Яғни "бармақ басты көз қыстымен" тендер таратумен айналысыпты. Тек прокурордың осындай барлық айыптауларын тілшілерге көрші бөлмедегі монитордан тыңдауға тура келді.

Айта кетсек, Бергей Рысқалиевтың сыбайластары ретінде қазір сот алдында 22 адам жауап беріп жатыр. Барлығы кезіндегі лауазымды шенеуніктер, өңірге белгілі кәсіпкерлер. Қылмыстық іс 777 томға жүк болған. Тек сотқа әкелінген прокурорлардың айыптауларының өзі 52 том. Бүл азаматтар Рысқалиевтің кезінде қазынаны талан-таражға салып, мемлекетке 71 млрд теңге зиян келтірді деп айыпталуда. Бергейдің өзі мен інісі, экс-депутат Аманжан Рысқали бастаған 11 адам әлі халықаралық іздеуде жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/299639-bergej-ryskalievtin-kylmystyk-toby-kazyna-karzhysyn-kalaj-milliardtap-kaltaga-baskan.html