RU

Шымкенттік ғалымдар жеміс-жидектен чипсі жасап шығарды

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті тамақ өнімдері технологиясы кафедрасының мамандары журналистерге алма мен өріктен жасалған құрғақ астың үлгісін көрсетті.

Өнертапқыштар фаст-фудтың жаңа түрі үлкендерге де, кішкентайларға да пайдалы тамақ екеніне сенімді. Әрі сұранысқа ие картоптан жасалған чипсының орнын басатынына үмітті.

"1 жылдай болды бұл жұмысты жүргізіп жатқанымызға. Негізі, бірінші нәтижелер дұрыс. Оны алудың технологиясын жасадық. Ол кәдімгі картоптан жасалған чипсы сияқты қытырлақ болып шыға келеді. Бірақ біз оны толық зерттеп біткен жоқпыз. Технологиясын жалпы жасадық. Ал тәтті қытырлақтың түрі ұсқынсыздау болғаны уақытша, - дейді ғалымдар.

Өнімді жасау тәсілдері толық зерттеліп болғасын келісті қылып, қалаған үлгіде шығарылады. Бастысы, жеміс-жидектің құрамы өзгермейді, әрі дәрумендері сақталады. Шымкенттік ғалымдар бұл өнімді "Қазақстанның жаңа таңбасы" деп танып, тек біздің елде шығарылуы тиіс,- деген пікірде.

Тіпті, қытырлақты көпшілікке алғаш рет "ЭКСПО-2017" көрмесінде ұсыну жоспарланып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/299642-shymkenttik-galymdar-zhemis-zhidekten-chipsi-zhasap-shygardy.html