Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Моңғолиядағы қазақтардың ұлттығына қауіп төне бастады

Опубликовано:

Моңғолияның батыс шекарасындағы Өлгей қаласындағы халық саны 97 мыңнан асып жығылады. Сол 97 мыңның 90 пайызын өзіміздің қаракөз қазақ бауырларымыз құрайды.

Шындығын айту керек, бүгінгі күнге дейін бұл мемлекеттегі қазақтарға моңғол ұлты жат көзқараспен қараған емес. Тек соңғы жылдары ғана жылы көңіл суына бастағандай, деп жазады "Алаш Айнасы" газеті.

 

1939 жылы Моңғол елінің әйгілі қолбасшысы, Маршал Х.Чойбалсан Баян-Өлгий аймағында мекен етіп жатқан қазақтардың ауылдарын аралап өз көзімен көрген.

"Қазақ халқын "бага ястан" - (ұсақ сүйектілер), "хасаг" деп кемсітуді тоқтату керек. Қазақ ұлтының моңғолдардан еш айырмашылығы жоқ. Қазақ халқы моңғол мемелекетінде өзінің ұлт тілінде мектебі, баспасөзі бар дербес бір аймағы бола алады", деген екен қолбасшы.

Осы бір ауыз сөз қазақ ұлтының жеке бір аймақ болуына септігін тигізіп, 70 жылдан астам уақыт алаңсыз өмір сүруіне мүмкіндік туғызды. Бірақ, соңғы жылдары көзқарас едәуір өзгере бастаған секілді.

Аймақта жоғарғы лауазымды қызмет атқаратын қазақ азаматтары түрлі желеумен жұмыстан босап, олардың орнына "ұранхай" немесе "халха" ұлтының өкілдері қойыла бастапты.

Қазір аймақтағы заң орындары мен түрлі деңгейдегі атқарушы мекемелердің тізгінін ұстау құқығы білімімен-білігіне қарай емес, ұлттық сипатына қарай шешілу үрдісі байқалады. Аймақтағы 40 мектептің 38-і қазақ тілінде дәріс беріп келген. Қазір бұл мектептерде қазақ тілі пәні қысқартылып, оның орнына моңғол тілі оқытылуда.

Техникалық пәндердің бәріне дерлігі моңғол тілінде өтеді. 97 мың қазағы бар өлкенің балалары өз тілінде жоғарғы білім алу үшін Өлгейдегі Мұғалімдер дайындау колледжі мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің филиалында ғана оқуға мүмкіндігі бар.

Моңғол мемлекеті Өлгей қаласының дәл іргесіне арнайы әскери жасақ әкеліп, орналастырып жатыр. Мұны жергілікті қазақтар ұсақ ұлттарға жасалған қысым деп бағалайды.

Қазақстан тәуелсіздік алып, бар Қазақты тарихи Отанына шақырды. Сол тұста Моңғолиядағы қандастарымыз елге қарай үдере көшті. Осы Ұлы көш екі ел арасын алтынкөпір етіп, рухани, мәдени, әлеуметтік қатынастарымыздың дамуына ықпал етті. Бұл Өлгей қазақтарының саудаға бейімделіп, әлеуметтік жағдайының да жақсаруына ерекше ықпал жасады.

Моңғолия қазақтарының кейбірі Қазақстаннан квота алып, қайтып көшіп кетті. Олар сол квотаның қаржысын айналымға салып, жағдайын түзеп үлгерді.

Баянөлгей аймағы Қытай мен Ресей мемлекеттерімен шекараласады. Яғни, бұл өлке екі ірі мемлекетке шығатын қақпа іспетті. Моңғолдар осы үш бірдей жайттың соңғысына баса назар аудармай отыр. Олар алдыңғы екі себепті ғана алға тартып, "Қазақстан тарапы Өлгейге астыртын көмек беріп тұрады" деп күдік келтіреді.

"Өз басым моңғол мен қазақтың арасында қайшылық болады дегенге сенбеймін. Себебі, қазақ пен моңғолдың тарихы, мәдениеті, руханияты ортақ қазанда қайнап келеді. Бірақ, Моңғолияда будда дінінің қарқын алуы байқалады. Ал, қазақтар тарапынан ислам діні белсенді әрекет ете бастады", - дейді филология ғылымының кандидаты Ақеділ Тойшан.

Ғалымның пікірінше, кейбір саяси ойыншылар осындай салдарларды тиімді пайдаланып, ұлттар арасына от тұтатуды көздеуі мүмкін. Ондай қисық қадамдарға бола, моңғолдарды немесе қазақтарды кінәлауға болмайды дегенге келтіреді.

"Біздің басқа мемлекеттерге "қазақ мектептерін неге жабасың?" деп айтуға хақымыз жоқ. Қазақ керек болса, көшіріп алғанымыз жөн. Бірақ, қазір көш тоқтап қалды. Қазақстанға керек емес қазақты өзгелер қайтсін? Оларды қалай жоқтайсың?", - деп мұңайды ақын Ауыт Мұқибек.

Ақынның пайымдауынша, қазақтың қазақтығын сақтап қалу үшін Ұланбатыр, Үрімжі, Ташкент секілді ірі қалаларда Назарбаев университетінің филиалдарын ашып, Алтай, Тарбағатай, Баянөлгей секілді қазақ көп шоғырланған мекендерге түрік лицейлері секілді қазақ лицейлерінің іргесін қалаған жөн.

Қазақстанға келген ағайындарды орыстандырып жатырмыз. Елге келген қазақтар салт дәстүрін ұмыта бастады. Осыдан сақ болу керек", - дейді ақын Жүкел Хамай.

Ал ақын Жүкел Хамай Моңғолиядағы қазақтар алдағы 100 жылда тілі мен тінін толық сақтап қалады, дәстүрі тіптен жаңғырып, салтанатты қалпына келеді, деген ой өрбітеді. Ол моңғолдар тарапынан қауіп күтуге болмайтынын, олар көшпенділер дәстүрін жалғастырып, жандандырып жатқан ел екендігін алға тартты.

Ақын Моңғолияда қазақ мәдениетінің сақталуына жақсы жағдай жасалғанын да, керісінше бар қауіп қазақтан болып жатқанын баса айтты.

Әрине, бүгінде жер шарының түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған бар қазақтың басын бір арнаға тоғыстыру, тарихи Отанымен қауыштыру - аса қиын шаруа болып тұр. Тіпті, түрлі себептерге байланысты қазақ көшінің іркіліп қалғаны да рас. Осындай сәтте не істемек керек? Ендігі мәселе осы болса керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/299827-mongoliyadagy-kazaktardyn-ylttygyna-kauip-tone-bastady/

pixel