RU

Қазақстандағы жезөкшелік жаһандық желіні де жаулай бастады

Қазақ халқы отбасындағы баласын тәрбиелі етіп өсіріп, әрбір шаңырақ өзіне ұят келмеуін қадағалайтын. Ұлы мен қызына әдептен аспауды шегелеп айтатын.

Ислам дінінде де адам баласының жат қылықтарға бой алдырмауы қатаң ескеріледі. Оған қарсы тыйымдар көп-ақ. Өкінішке қарай, біз сондай тәрбиеден жұрдай болып бара жатқан жоқпыз ба деген сауал орала кететін болды.Солардың бірі – жезөкшелік.

Жезөкшелікті ел арасында ертеден келе жатқан жат қылықтың бірі санайды. Оған қарсы қандай амал жасаса да, оны ешкім жойып жібере алмаған. Десе де оны шектеп отыру әрбір қоғамның басты міндеті болса керек, деп жазады "Алаш айнасы" газеті.

Елімізде 90-шы жылдардың басынан жезөкшелер көше бойын жағалап, тәнін саудалауға көшті. Оны Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да, кездестіруге әбден болады. Тіпті қазақы өңірлер деп саналатын аймақтарда да бар. Оған да етіміз әбден үйренді. Алайда оның салдарына үңілген ешкім жоқ.

Ата сақалы аузына түскен егде адамдар да желік қуып, сол жерлерді жағалап жүреді. Тағы бір өкініштісі, сол жерде "қызмет" етіп жүрген қыздар да  - өзіміздің қаракөздер. Олардың ашықтан-ашық көшеде "қызмет" жасауына неліктен жол беріліп отыр? Бүгінгі таңда сол сауалдың басы ашық қалып отырған жайы бар.

Кейбір мамандар жезөкшелікпен күресу үшін дін өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуді алға тартады.

Жезөкшелер де заман талабына сай әрекет жасай бастаған тәрізді. Олар өздерінің "бизнесін" дамытуға жаһандық желіні пайдалана бастапты. Қазір интернеттің қоса қалсаңыз, осындай көңілге кірбің саларлық көріністер көз алдымызға шыға келеді.

Қазақ зиялылары кезінде мұндай қылықтарға тосқауыл қоюдың жолын іздеген. Оларды қатаң түрде жазалап, елдің көзінше оларға қарсы тас атқан. Сондықтан да шығар, мұндай ұятсыздық көп кездесе бермейтін. Тентекті тезге салатын ата-бабалар әрдайым осындай жат қылықтардың алдын алып отырған.

Қазір бәрі де демократия дейді. Алайда оған бағына қоймайтын нәрсе бар емес пе? Ол – отбасындағы тәрбие мәселесі. "Қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі" деген бар. Бұл орайда бұрынғы тәрбиенің ақсап жатқанын айта кету керек.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/300069-kazakstandagy-zhezokshelik-zhahandyk-zhelini-de-zhaulaj-bastady.html