Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ердос Ахмадиев БАҚ-та лап ете қалған сынға жауап берді

Опубликовано:

Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі, шаңғышы Ердос Ахмадиев Сочидегі ХХІІ Қысқы Олимпиада кезінде еліміздің туын көтеріп шығу құрметіне ие болғаны жұртшылыққа жақсы мәлім.

Бұл – спорт әлеміндегі жаңа есім. Сондықтан да бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде, әсіресе орыс тілді электронды сайттарда "ту көтеру белгісіз спортшыға тапсырылды" деген тұрғыда материалдар басылды.

Ердос Ахмадиев осының алдында Ванкуверде өткен ХХІ Қысқы Олимпиадада Қазақстан туын көтерген биатлоншы Диас Кенешовтің ауылдасы болып шықты, деп жазады aynaline.kz порталы.

Екеуі де  - Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданы орталығындағы спорт мектебінің түлектері. Үржар жерінен шыққан екінші ту көтеруші, шаңғымен жүгіруден спорт шебері, топ жарып көзге түсе қоймаса да көрсеткіштері айтарлықтай нәтижелі.

Ердос Ахмадиевтің болашағынан үлкен үміт күтуге болады. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Серікқан Алтынбеков өз шәкірттері туралы пікірін айтты. 

"Жүйрік шығар жылқыны тай кезінде танисың" деген. Диасты да, Ердосты да, олармен бірге Виктория Ланчакованы да аяқ алыстарынан, спортқа деген бейімділіктерінен байқап, жаттықтырдым", - дейді Серікқан Алтынбеков.

"Бұлардың бойында намыс бар, жігер бар. Спортшыға ең керегі осы. Бұл орайда, Ердостың еңбекқорлығын баса айтар едім", - дейді бапкер.

Бүгінде Ердос Ахмадиев Италияда олимпиадалық сайыстар алдындағы соңғы жаттығуларын пысықтап жатыр. Қазақстандық шаңғышылар Ливинио атты таулы аймақта жаттығу үстінде екен. Бұл жердің табиғаты Сочиге өте ұқсас болғандықтан, бапкерлер команданы осы жерде жаттықтырғанды дұрыс санапты.

Спортшылар күніне үш мезгіл шаңғымен жүгіреді. Таңғы ұйқыдан кейін 1 сағаттай, сағат 10-12 арасында 2 сағат, 4-4,5 аралығында 1,5 сағат жаттығады. Қалған уақыттарда өзге де дене тәрбиелік маңызды істерге көңіл бөлінеді.

Ердос Ахмадиев шаңғышылар арасында  30 және 50 шақырымдық бәсекелерде жарысатынын да әңгіме барысында баяндады. Ол бұған дейін 15 шақырымда Еуропада екінші орын алғанын да сөз етті.

Осыдан біраз уақыт бұрын қазақстандық спортшы Әлем кубогының бір кезеңінде 30 шақырымға жүгіруден 25-ші орынға табан тіреген екен.

Соған қарап құрама команданың аға жаттықтырушысы Александр Батякин мен шаңғышының тікелей жұмыс істейтін бапкері Владимир Сахнов Ердосқа осы екі қашықтыққа жүгіруді ұйғарды.

"Жаттықтырушылардың міндеті бойынша үздік 20 спортшының қатарына енуім керек. Не нәрсе де тер төгіп, еңбектенсең келеді. Үмітім жоқ емес. Бұйырса сол көрсеткішті бағындырсам деймін", - деп жоспарымен бөлісті шаңғышы Ердос Ахмадиев. 

Бұған қоса, жас шаңғышы Олимпиадада Қазақстан туын көтеру құрметіне ие болу екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақытты сәт екенін айтты. Ердос бұл міндеттің жауапкершілігін айтып жеткізе алмайтынын, ел сенімін ақтасам деген арманы бар екендігін жеткізді. 

Спортшы әңгіме барысында Сочиге ақпанның 4 күні ұшатынын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/300215-erdos-ahmadiev-bak-ta-lap-ete-kalgan-synga-zhauap-berdi/

pixel