Выйти
RU

Қалың қарға көмілген алматылықтар қала әкіміне наразылықтарын білдірді

Рассказать в Telegram Рассказать Вконтакте

Қалың қарға көмілген алматылықтар үш күн қатарынан қала ішінде жол жүрудің машақатын тартып жатқандарын айтып, қала әкіміне наразылықтарын білдірді.

Тазаланбаған қардың арты көктайғаққа айналып, аяқ-қолын шығарып, ауруханаға түскен адамдардың саны әдеттегіден үш есеге артқан. Ал, айнадай жылтыраған жолдың үстінде соғылып жатқан көліктердің санында тіпті есеп жоқ.

Толассыз жауған қалың қар, тазаланбаған жол және бір-біріне соғылған көліктер Алматының бүгінгі кейпіне айналды. Жаяу жүргінші жолағында күнде бірнеше адам тайып жығылған. Машиналар тормоз басады, бірақ үлгермейді. Бір-біріне соғылып жатыр.

Соңғы үш күннен бері қаладағы ауруханалардың жарақат бөлімі тұрмақ, дәлізінің өзі науқастарға лық толы. Сынықшы дәрігерлер күндіз-түні жұмыс істеуде. 

"Кешеден бері 65 адам түсті. Бұл әдеттегіден үш есеге артық. Бірі аяқ-қолын, бірі жамбасын сындырып келеді. Ал, жол көлік апатына түскендер тіптен көп. Таңертеңнен бері 8 операция жасадық", - дейді травматолог-дәрігер Вагиф Валиев.  

Жауған қардан аяқжолдан аяқтарын жыбырлата басқан адамдар тұрмақ, көліктердің де қимылдауы қиындады. Әсіресе, аялдамаларда автобустарды сағаттап күткен тұрғындардың зығырданын қайнатты.

"Автобус күтіп тұрғанымызға 40 минут болды. Келмей жатыр. Келгеннің өзінде толып келеді, оған сыймаймыз", - деп ашуланды тұрғындар.

Соңғы үш күнде жол көлік апаты да рекордтық көрсеткішке жетті. Алайда, тәртіп сақшылары бұған табаны тайғанақтап қоймаған көлік жүргізушілерінің өздерін кінәлағанымен, жүргізушілер апат қарды уақытында аршымайтын әкімшілік өкілдерінің кінаратынан деп есептейді.

Егер құм-топырақ ертерек төселгенде көлік те, жаяу жүргіншілер де мұншама қауіпке ұшырамас еді, дейді жүргізушілер.

"Сұмдық қой. Жұмыстан кешігіп жатырмыз. Алматы қаласының әкіміне айтамыз, енді кішкене бір әрекет етіп жолымызды күреп қарау керек қой", - деп шағымданды көлік жүргізушілері. 

Ал, көктайғақта алақанын ысқылап, соғылған темір тұлпарлардан пайда табуға асығатын көлік жөндеушілер ұрымтал тұсты пайдаланып бағаны да асырып жібереді.

Осы кәсіппен 18 жылдан бері айналысып келе жатқан мамандардың бірі Серік Омаровтың айтуынша, соңғы екі күннің өзінде 20-ға жуық көлік иесі хабарласып, соғылған темір тұлпарларын жасап беруін өтініпті.

Жаздың күндері мұншалықты сұраныс болмайтындықтан, көлік жөндеушілер бағаны көтергендерін мойындайды. Жаздың күні 700 долларға істеген баға қыстың күні 1000-1200 болып кетеді.

Ал, ауа райын болжаушылар алдағы күндері Алматыда қар аралас жаңбыр жауып, арты үскірік аязға ұласатына алға тартады. Сондықтан көктайғақтан зардап шеккендер саны алдағы тәуліктерде тағы бірнеше есеге өсуі мүмкін.

Қазақстандағы соңғы жаңалықтар мен фото, видео және өзге де эксклюзивтер жайлы алғашқылардың бірі болып біліңіз!

Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Қалың қарға көмілген алматылықтар қала әкіміне наразылықтарын білдірді