RU

Павлодар облысының әкімі олимпиада қалашығының құрылысын тоқтатты

Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың өкімімен қаладағы "Спорт-сити "Павлодар" олимпиадалық қалашығының құрылысы уақытша тоқтатылды.

Бұл туралы BNews.kz хабарлады аймақ басшысының баспасөз хатшысы Асқар Жалдиновқа сілтеме жасап.

"Павлодардың бас жоспарын қайта қарау бойынша өткен жұмыс жиналысында облыс әкімі "Спорт сити" қалашығының құрылысы инфрақұрылымның жоқтығынан тоқтатылатынын айтты", - деп мәлімдеді А.Жалдинов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен жылдың жазында Павлодарда Спорт сити "Павлодар" қалашығының бірінші нысаны - 50 метрлік жүзу бассейнінің құрылысы басталған болатын. Павлодардың солтүстік өнеркәсіптік аймағында барлығы 2017 жылға қарай жабық ату тиры, семсерлесу залын салу көзделген еді.

Сондай-ақ, олардың қатарында 4 әмбебап зал мен медициналық орталығы бар жекпе-жек орталығы, 2500 көрерменге арналған жеңіл атлетикалық манеж, Мұз сарайы, жабық футбол манежы мен 2400 көрерменге арналған ипподром, керлинг алаңы бар болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/300840-pavlodar-oblysynyn-ekimi-olimpiada-kalashygynyn-kyrylysyn-toktatty.html