RU

Қазақстанда білім алғаннан гөрі шетелде оқу арзан бола бастады

Жоғары білім алу бағасы қымбаттаған сайын Қазақстаннан шетелге аттанған студенттер де көбейді. Шетелде оқу арзан әрі сапалы деп санайтын студенттер мен ата-аналар қатары артып келеді.

Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқу құны соңғы екі жылда шамамен екі есе қымбаттады. Қазір ең арзан оқу ақысы - жылына 341 мың теңгені (2 мың 200 долларға жуық), ең қымбаты – 800 мың теңгені (5 мың 200 доллардай) құрайды.

Самат Төлегенов есімді жігіт Алматыдағы халықаралық бизнес академиясының экономика факультетін екінші курстан кейін тастап кеткен. Оны әке-шешесі жылына 707 мың теңге төлеп оқытқан. Былтыр оқу ақысы тағы 40 мыңға қымбаттаған.

Жуырда жігіттің әкесі қайтыс болып, енді оқудың ақшасын төлеуге анасының шамасы келмей қалады. Ал Самат оқуын кейін жалғастыратынына күмәнмен қарайды. Жалпы, Қазақстанда мұндай студенттер көп кездеседі.

Ал ақшасы бар отбасылар балаларын шетелге оқуға жіберіп жатыр.

Шетел асқан қазақстандық студенттің бірі – Гүлназ Есенова. Әке-шешесі оны Германиядағы университетке ауыстыруды жоспарлап отыр.

Гүлназ Алматыдағы Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінің халықаралық бағдарламалар факультетінде оқиды. Қазір ол "Академиялық мобильділік" бағдарламасы бойынша Германияға, Бамберг қаласына алты айға оқуға кеткен. Көп ұзамай Қазақстанға қайтуы тиіс.

Бірақ ата-анасы оқу орны басшыларымен Гүлназды Германияға ауыстыру мәселесін талқылап жатыр. Бамберг қаласында бір бөлмелі пәтерде тұратын Гүлназға Германия қатты ұнайды.

"Гүлназдың Алматыдағы оқуына жылына 460 мың теңге (ресми курс бойынша 2 мың 190 еуро) төлейміз. Ал Бамбергтегі университетте бір семестрге 500 евроға жуық ақша төлейді екен. Қызымның айтуынша, Германияда білім беру жүйесі мықты ұйымдастырылған. Жемқорлық жоқ, студентті біліміне қарап бағалайды", - дейді Алма Сапарбаева. ​

Биыл мектеп бітіретін Кәмшат Сманованың ата-анасы қызын Түркияға оқуға жібермек. Олардың айтуынша, түрік университетінде бір жыл оқу ақысы 100 мың теңге тұрады, ал жатын орын және басқа шығындарға бір айға 50 мың теңге кетеді.

Алматыдағы жекеменшік ЖОО-ның бірінің ректорының айтуынша, мемлекеттік білім гранттары қымбаттағандықтан, жекеменшік университеттердегі оқу ақысы да оқу жылы басталғалы бері көтерілген.

Мысалы, техникалық және гуманитарлық мамандықтар бойынша гранттар әр студентке шаққанда қазір шамамен 340 мың теңге тұрады.  Ректор Білім министрлігі елдегі жекеменшік ЖОО-ның бәріне оқу ақысын мемлекеттік грант құны деңгейінде белгілеуді міндеттеп қойғанын жеткізді.

"Сұраныс жоқ мамандықтарды осындай амалмен сұрыптап алуға болады. Қазақстанда жұмыссыз жүрген заңгерлер мен экономистер көп", - дейді университет ұстазы.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Сәуле (аты-жөнін толық көрсетпеуді өтінді) баға өскенімен, оқу сапалы бола қояды дегенге сенбейді.

Университет оқытушысының айтуынша, Қазақстанда жолақы, коммуналдық төлемдер, азық-түлік жарты жыл сайын қымбаттайды. Жоғары оқу орындары студенттердің ақшасына компьютер, кітап сатып алады, оқытушылардың жалақысын төлейді.

Оның пікірінше, көп ұзамай қазақстандық диплом алуға ауқатты отбасылардың балаларының да шамасы келмей қалады. 

Былтыр Nur.kz сайты жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша, респонденттердің 87 пайызы "Қазақстанда білім алу тым қымбат" деп жауап берген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/301168-kazakstanda-bilim-algannan-gori-shetelde-oku-arzan-bola-bastady.html