RU

Шахтинск қаласындағы жалғыз мешіт құлаудың аз-ақ алдында тұр

Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласы әлі күнге дейін қазақыланбай келеді. Тіпті өңірдегі жалғыз мешіт құлаудың аз-ақ алдында тұр.

Бірнеше жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген Алла үйінде жағдайдың жоқтығынан, тұрғындардың көбі құранды үйлерінде оқиды. Өйткені, суық бөлмелерде намаз оқу мүмкін емес.

Шахтинск қаласындағы жалғыз мұсылмандар мешіті құлаудың сәл алдында. Сыртындағы қабырғаның сылақтары құлап, құран бағыштайтын бөлменің қақ ортасынан бөлінуіне де аз қалыпты. Он жеті жыл бұрын салынған қасиетті үйге күрделі жөндеу жүргізілмегелі бірнеше жыл болыпты.

Оның үстіне, мұндағылар мешіттегі барлық жөндеу жұмыстарына кететін қаражаттың өзін садақа жәшігінен алатын көрінеді. Бұдан басқа, бұл жәшік Алла үйінің қызметкерлерін де асырайды екен.

Дұға оқытатын адамдар жәшікке 100 теңге, 40 теңге, 50 теңге салады. Осы жәшіктен имамдар да жалақысын алады. Айына он мың теңге, бес мың теңге.

Атауы орыс тіліндегі қаладағы тұрғындардың басым бөлігі мұсылман ағайындар. Сондықтан,  құдайға сыйынуға ағылып келушілер қатары көп. Көпшілік мешіттің іші суық болып тұратындықтан,  дұға бағыштайтын жерде сырт киімсіз отыру мүмкін емес дейді.

Ал қалалық мешіттің Бас имамы халыққа жөндеу болады, жағдай жасалады деп уәде беруден жалықпайтын көрінеді. Жөндеу жұмыстары өтетін ендігі мерзімді жазға қалдырыпты айтуынша. Тіпті алаңдаудың да қажеті жоқ дейді. Өйткені ақша бөлінген іс міндетті түрде аяқталады дегенді меңзейді.

Осылайша, жаңадан келген имам бар жұмысты өзі тыңдыруға сендірді. Аллаға сыйынып, мешітке жиі келетін халыққа тек сенуден басқа амал жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/301469-shahtinsk-kalasyndagy-zhalgyz-meshit-kylaudyn-az-ak-aldynda-tyr.html