RU

Алматыда қайнаған суға толы шұңқырға автобус түсіп кетті

Алматыда тағы жылу құбыры жарылды. Бұл жолы қайнаған суға толы шұңқырға автобус түсіп кетіп, 4 адам күйіп қалды. Екеуінің жағдайы ауыр. Зардап шеккендердің арасында полицей мен жеткіншек те бар деп хабарлайды КТК арнасы.

Тәртіп сақшысы автобус толы жолаушыларды қайнаған көлшіктен "шығарамын" деп жүргенде күйіп қалған. Апат орны қазір қоршауға алынып, көлік қозғалысы біржола тоқтатылды.Жылу құбырындағы жарылыс Алматының ең ірі даңғылдарының бірін бір-ақ мезетте астаң-кестең қылды. Көлік ағылған тас жол кәріз құдығымен қоса опырылып түскен. Апат салдарынан қайнаған су жан-жаққа атқылап, көлікте отырған жұртты да шайған.

Есінен таңған жолаушылар көлік ішінен жапа тармағай түсіп жатыр. Айналаның бәрін тұман басқан. Ең ауыр зардап шеккен №129-шы автобус. Қоғамдық көлік жарылған құбырдың дәл ортасына түсіпті. 3 жолаушы және оларды құтқармақ болып ұмтылған 1 полицейдің аяқ-қолы қайнаған суға оңбай күйіп қалды.

"Мен келдім осы жерде осындай тұман бу боп тұр екен. Тұрдым да артқа беріп айналайын дедім да, артқа қарай қозғалғаным сол еді, гүрс етіп түсті, асфальт түсіп кетті. Ештеңе көрінбей қалды", - дейді автобус жүргізушісі Қуаныш Ұзақов.

Күйік шалғандар түгелауруханаға жеткізілді. Бір жеңіл көлік те қайнаған көлшік ортасында қалды. Қалың будан құтқарушылар жанына біраз жолай алмай, әрең дегенде оны да сүйреп шығарды.

Сағат бірден бастап жарылған, ыстық су міне 3 сағат әлі ауыздықталар емес. Қайта өрши түсуде. Түрлі сауда қоймалары және нысандар ыстық будың астында қалған. Ал тас жол болса, жер сілкінгендей, опырылып түскен. Айтуымыз керек, бұл маңда сонымен қатар №21 тергеу изоляторы да орналасқан.Жүздеген күдікті жабылған мекемемен қоса, апат кесірінен 3 мектеп, 3 балабақша, 2 аурухана мен жүзге жуық тұрғынүй қақаған қыс ортасында жылусыз қалды.Бұл Алматыдағы жұртты күйдірген осымен екінші оқыс оқиға. Онда да жарылған осы магистраль. Желтоқсан айында әбден ескірген құбыр тесіліп, тоғыз адам ауруханадан бір-ақ шыққан еді. Бүгін де сол ескі-құсқы шыдас бермей күтпеген жерден жарылды."Жылу құбырын жаңартуға миллиардтаған қаржы бөлінді, бірақ біз барлығын ауыстырып үлгермей жатырмыз. Өйткені, ол үшін бүкіл нысандарды жылудан ажырату қажет. Сондықтан, бұл құбырды дер кезінде ауыстыру мүмкін болмады. Енді шығын орнын толтырамыз. Күйік шалғандарға дәрі-дәрмегін төлеп береміз", - деп ақталды "Алматы жылу холдингі" МКМ ресми өкілі Ян Гирин.

Сөйтсе, Алматының басты даңғылдарының астында жатқан құбыр30 жылдан бері бір рет те ауыстырылымапты. Бүгін де тесілген жері жамалып, орнында қала берді. Ал жылу тек бірнеше тәуліктен соң ғана берілмек.                   

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/301939-almatyda-kajnagan-suga-toly-shynkyrga-avtobus-tysip-ketti.html