RU
"Қазатомпромның" экс-басшысы басқа түрмеге көшірілді

"Қазатомпромның" экс-басшысы басқа түрмеге көшірілді

Рассказать Вконтакте

"Қазатомпром" компаниясының бұрынғы басшысы, Алматы маңындағы Заречный кентінде түрмеде жазасын өтеп жатқан Мұхтар Жәкішевтің басқа колонияға ауыстырылды.

Туыстары "медициналық жәрдемге қолы жетпей отырған Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы одан сайын нашарлауы мүмкін" деп алаңдайды.

Республикалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ресми өкілі Ғалымжан Хасенов қылмыстық кодекстің 15-бабына сүйене отырып, сотталушының басқа колонияға ауысқаны туралы ақпаратты тек туыстарының ғана білуге құқығы бар екенін айтты.

"Бұл сотталушының жеке өмірі. Ондай ақпаратты туыстарынан басқа ешкімге айтуға міндетті емеспіз", - деді Ғалымжан Хасенов.

Комитеттің жазбаша жауабында сотталушының жазалау мекемесіне жеткізілгені, бұл ақпарат туыстарына хабарланғаны туралы ақпарат бар.

Қазақстанның бірнеше құқық қорғау ұйымы "саяси тұтқын" деп таныған Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішева ашқан dzhakishev.org сайтында ақпанның 12-сі күні Мұхтар Жәкішевті Алматы маңындағы колониядан Қарағанды облысы Долинка елді мекеніндегі АК 159/6 түзету мекемесіне ауыстырғаны туралы ақпарат пайда болған еді.

Жақындары түрмеге түскен 2009 жылдан бері "қан қысымы жоғары" деген диагнозы қойылған Жәкішевтің денсаулығы нашарлағанын жазып, қазіргі кезде 30 градус аяз тұрған Қарағандыда оның халі тіпті нашарлап кететінен қорқады.

"Оған жүйелі түрде медициналық көмек көрсетілмей келеді. Бұл - оған қатысты бұзылып отырған негізгі адам құқықтарының бірі ғана. Тіпті Азаптауға қарсы дүниежүзілік ұйым дәрігерлерінің Жәкішевтің денсаулығын міндетті түрде қарап шығуы туралы бұйрығы шықса да, билік оған медициналық көмек беруден бас тартып отыр", - деп жазылған сайтта.

Жақындарының жазуынша, сот отырыстарының бірінде Мұхтар Жәкішев есінен танып қалып, сіңірі тартылып қалшылдап кеткен. Бірақ судья сонда да оны қарауға рұқсат берген жоқ болатын. Қорғау тарабы жақында БҰҰ адам құқығы бойынша комитетіне алғашқы сот процесінде болған заң бұзушылықтарға қатысты шағым түсірген.

Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда өзі 1998 жылдан бері басқарған "Қазатомпром" компаниясының басшысы қызметінен алынып, тұтқындалған еді.

2010 жылы наурызда Астананың Сарыарқа аудандық 2-соты Мұхтар Жәкішевті "қаржыны ысырап қылды және пара алды" деген айыппен 14 жылға соттап, жазасын қатаң режимді колонияда өтеуді бұйырған.

2011 жылдың соңында ҰҚК Мұхтар Жәкішевке қарсы екінші қылмыстық іс қозғады. Оған "ірі көлемдегі алаяқтық" және "өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығын ету" айыбы тағылды.

2012 жылы маусым айында Мұхтар Жәкішев тағы да 10 жылға сотталды, бірақ бұл мерзім алдыңғы жазамен "біріктіріліп" түпкілікті шешім - 14 жыл сол күйінше қалды.

Алғашқы сот процесіне бірнеше рет наразылық білдірген Мұхтар Жәкішев екінші сотқа өзі де қатыспаған, адвокаттарына да қатысуға тыйым салған.

Мұхтар Жәкішевтің 2009 жылы аяқ астынан қамауға алынуын тәуелсіз сарапшылар екі түрлі себептен көрген.

Алғашқы себеп ретінде оның 2003 жылы оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовты түрмеден босатуды сұрап "кепіл болғандардың" ішінде жүргендігі аталады. Екінші себеп ретінде Жәкішевтің уран өндірісінде Ресей мүддесіне қайшы келетін әрекет жасап, "Қазатомпроммен" серіктес болғысы келген жапониялық Toshiba компаниясы арқылы канадалық Uranium One-ның жолын кеспек болғаны айтылады.

Қазақстандық құқық қорғаушылар өткен жылы жаңадан толықтырған "Саяси тұтқындар" тізіміне Мұхтар Жәкішевті де қосты. Олар бұл шешімге "Жәкішев ісінде" кейіннен жария болған мәліметтер әсер еткенін айтты.

Сіздің реакцияңыз
0
0
0
0
0
1
0
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Жүктеу...
Mailfire view pixel