RU

Қазақстанда азаматтарды әскер қатарына шақыру тоқтатылуы мүмкін

Бұдан былай елімізде азаматтарды әскер қатарына шақыру тоқтатылуы мүмкін деп хабарлайды 31 арна. Яғни, әскерге тек келiсiмшарт бойынша ғана алынбақ.

Қазақстанның Қорғаныс Министрлігі кәсіби әскерге ауысу үрдісін екі жылда аяқтаймыз деп отыр. Бүгінде Қазақстан әскері аралас тәсілді қолданып келеді. Қорғаныс күштерінде мерзімді қызметтегі сарбаздар және келісімшартпен істейтін әскерилер келеді.

Белгілі бір уақытта отан алдындағы борышын өтейтіндердің саны жылдағы шақыртуларды азайтумен жүзеге асатын болады. Егер әскерге шақыртылған азамат жоғары білімді болса, онда алты айдан соң ол келісімшарт қызметіне ауыса алады. Ал жоғары білімі жоқтар бір жылдан соң.

Еліміздің Қорғаныс Күштерінде келісім-шартпен қалатын әскерилерге жоғары жалақы, әлеуметтік пакет пен толықтай тұрғын үй беріледі. Ал он жылдан бері әскери қызметте жүрген офицерлер мен сержант шенділерге жалға алатын баспанаға қаржылай өтемақы беріледі.

Қалай болғанда да қазір әскерде болғанын растайтын құжат алу қиын емес. Бұл үшін тек Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінде айлық курс өтсе болғаны. Тек мемлекет шығынының орнын толтыру үшін 210 мың теңге төлеу қажет.

Қазір әскердің алпыс бес пайызы - келісімшарт бойынша қызмет еткендер. Өткен жылы жеті мың адам келісімшарт қызметіне келген. Кезекті қабылдау 2014 жылдың басында болады. Қазірдің өзінде ақтөбелік 180 азамат әскери-техникалық мектепке қабылданды.

ҚР Қорғаныс Министрлігінде 12 мың сарбаз мерзімдік қызметте. Өткен жылдың күзінде 6 000 шығарылып, 1500 шақырылған. 2014 жылдың көктемінде де дәл осындай жұмыстар атқарылады. Бұл 1500 сарбаз кейін 500 адамға дейін қысқартылады. Ал 2016 жылы қазақстан әскерінің 99 пайызын кәсіби әскерилер ғана құрайтын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/305680-kazakstanda-azamattardy-esker-kataryna-shakyru-toktatyluy-mymkin.html