RU

Көкшетау тұрғыны хирургтің біліксіздігінен аяғын кестіруге мәжбүр

Көкшетауда кезекті медициналық дау - "дәрігерлерді біліксіз" деп аяғының ауруы асқынған науқас айыптап жатыр. Тіпті сырқаты жанына батқанда хирургтің қолына 400 мың теңге де, ұстатқан екен.

Бірақ тегін ем-домды ақы беріп істетсе де, операция сәтсіз шыққан деп хабарлайды КТК арнасы. Енді асқынған аяқты кестіруден басқа амалы жоқ.

Бір жыл бұрын Владимир Пистуновичтің саят құрып, кең далада сайран салып жүргеніне қазір ешкім сенбейді. 11 рет пышаққа түсіп, денесінде сау жері қалмаған аңшы енді 12-ші операцияға - аяғын кестіруге барады. Бұл сергелдең облыстық ауруханадан басталған.

"Операцияны өзім жасаймын, біріншісі 100 мың теңге деді. Төледім. Одан соң жағдайым тіпті қиындады. Екінші "ем қиындау" деп 300 мың сұрады. Әйелім жинап әкеп берді. Қайдан білейін, шынымен операция жасау тегін емес, "ақылы" шығар деп ойлағам", - Көкшетау қаласының тұрғыны Владимир Пистунович.

Екі рет операция жасалғаннан кейін науқастың жағдайы тіпті қиындап кеткен. Кейін Астана мен Омбыдағы мамандарға қаралыпты. Ол жақтан да бірнеше рет пышаққа түскен. Енді ауруы асқынған аяқты мүлдем кестіруге мәжбүр.

Ал ақша берген хирургі Александр Дьячков деген қалалық аурухана қызметкері екен. Науқас текке төлеген сол 400 мың теңгесін сұрай барғанда естімеген сөзі жоқ.

Тегін операцияға теңге сұраған хирургтің үстінен Владимир аурухананың бас дәрігеріне шағымданған. Басшылық "шара қолданамыз" деп қана жылы шығарып салыпты.

Бірақ мәселенің мән-жайын аурухана басшылығының өзінен сұрағанымызда, олар хирургті білікті маман, сондықтан оны "жұмыстан шығара алмаймыз" деп қысқа қайырды."Бұл жағдайды "нақты солай болды" деп кесіп айта алмаймын. Өйткені, бұл науқас пен хирургтің арасындағы кикілжің. Сондықтан, біржақты "хирургті кінәлі" деп қалай жұмыстан шығарамыз. Ол өте тәжірибелі маман. Өзімен сөйлестік, бәрін жоққа шығарып отыр", - дейді Ақмола облыстық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Дмитрий Чайков.

Хирургтың қателігін әрине, науқас дәлелдей алмаған. Бірақ, басы дауға қалған хирург әлі күнге дейін жұмысынан қуылмақ түгілі, ескерту де алмаған сыңайлы. Оның алдына барып, "кемтар болып қалдым" деген адамдар ғаламторда арнайы форум ашып, енді науқастарды "Дьячковтан құтқарыңдар" деп көмек сұрап жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/305811-kokshetau-tyrgyny-hirurgtin-biliksizdiginen-ayagyn-kestiruge-mezhbyr.html