RU

Кедендік Одақ аясында насыбай мен темекіге тыйым салынды

Қазақстанның Денсаулық министрлігі Кедендік Одақ аймағында темекінің кейбір өнімдеріне тыйым салуды ұсынды. Мәскеуде бұл ұсыныс бір ауыздан қолдау тауып отыр.

Енді Одақ аймағында насыбай, иіскейтін және шайнайтын темекілерге шектеу қойылды деп хабарлайды "Темекі түтінінен еркін Қазақстан үшін" Ұлттық коалициясының баспасөз қызметі.

Тыйым салу мәселесі Мәскеуде өткен темекі өнімі бойынша Кедендік Одақтың техникалық регламентін соңғы талқылау барысында мақұлданған. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, никотині бар барлық өнім адам денсаулығына зиян келтіреді.

Оның үстіне Қазақстанда жұтқыншақ, ауыз және мұрын қуысы мен тіл обырының пайда болуына темекі ғана емес, оның шайнайтын түрлері де себеп болып отыр.

"Еуропалықтар 2001 жылдан бері снюс пен өзге де соратын, шайнайтын темекі өнімдерін кіргізуге тыйым салған. Еуропада сұраныс болмаған соң, өндірушілер оны бізге таратып жатыр. Олар тұтынушылардың денсаулығына зиян келтіргеніне қарамастан пайдасын қамдап жүр. Қазақстанның денсауық сақтау министрлігі осындай ұсыныс тастағаны қуанышты жағдай", - деді Ресей тұтынушылар қоғамы Конфедерациясы басқаруының төрағасы Дмитрий Янин.

Еске сала кетейік, бүгінде Мәжіліс "Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске енетін тыйым салу нормаларын қарап жатыр. Жақын күндері заң күшіне енеді деп күтілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/305929-kedendik-odak-ayasynda-nasybaj-men-temekige-tyjym-salyndy.html