RU

Жол сақшыларының қалтаға қол салуына жаңа заң тосқауыл болмайды

Жаңа заң жобасы бойынша жол полициясы хаттаманы көліктің сыртында тұрып толтыруға міндеттеледі. Жүргізушілер бұл өзгерістің жемқорлықты жоя алмайтынын айтады.

Өзін "қырық жылдан бері көлік жүргізіп келем" деп таныстырған Алматы қаласының Ұзақ есімді тұрғыны жол ережесін бұзғаны үшін полиция тоқтатқан жүргізушіге қатысты хаттаманың автомобиль сыртында толтырылуын дұрыс көреді.

Ұзақ Алматы мен Қапшағай қалаларының арасында кісі тасумен айналысады.

"Алыс жол. Кейде жылдамдықты асырып жібересің, кейде қала ішіндегі "пробкада" бұрылмайтын жерден бұрылып кетесің. Әйтеуір бір "нарушение" жасайсың. Инспекторға пара беруге тура келеді", - дейді Ұзақ Азаттыққа.

Қазақстанда кең тараған пара беру амалдарының бірі жол ережесін бұзған жүргізуші мен оған көзін жұмған жол-патруль инспекторының арасында тіркеледі. Көп жағдайда инспектор я өзінің, я ереже бұзушының көлігінің ішіне кіріп отырып, хаттама толтыра бастайды.

Хаттама толтыру процесі екі тарап қолма-қол ақшамен берілетін пара көлемін келіскен кезде күрт тоқтайды.

Ал көлік ішіндегі "келіссөз" сырт көзге түспеген күйі парақорлықтың тіркелмеген және жазаланбаған кезекті эпизодына айналады.

Бұл үрдістің елде кең тарағаны соншалықты Қазақстан парламенті жол инспекторын ереже бұзушыға қатысты хаттаманы көліктің сыртында тұрып толтыруға міндеттейтін заң жобасын талқылап жатыр. Бұл өзгерісті кейбір жүргізушілер мақұл көргенімен, бірқатар жол инспекторлары сырттағы ауа райы факторын қаперге алмай жасаған ыңғайсыз толықтыру деп біледі.

"Жол полициясы тоқтатып, хаттама толтырарда әлгі МАИ (мемлекеттік автоинспекция, қазіргі жол-патрульдік полицияның бұрынғы атауы – ред.) қызметкерімен көлік ішінде отырып, параға келісіп кете бересің. Сондықтан хаттаманы көліктің сыртында толтыру қажет. Бұл жемқорлыққа тыйым болады", - дейді Ұзақ.

Бірақ Әкімбек есімді азамат Ұзақтың пікіріне қарсы. Ол жол ережесі тым көп өзгертіледі деп кейиді. Әкімбек осы күнге дейін өзгерген ештеңе жоқтығын алға тартты.  Сондықтан жемқорлықты азайтуға қатысты бұл өзгерістен ештеңе шықпайды.

"МАИ-ға БЕРЕТІН ДЕ, КӨРЕТІН ДЕ ӨЗІМІЗ"

"МАИ-ға пара беретін де, одан зиян көретін де – өзіміз. Әйтпесе машина жүргізгеніме 20 жыл болды. "Маған ақша бере ғой" деген жол полициясы болған емес. Бірақ менде көлік жүргізу куәлігі екеу емес қой. Сондықтан жол ережесін бұзған кезімде куәлікті бермеу үшін еріксіз "шай пұлын" тықпалаймын. Параны аламын деген МАИ қызметкері көліктің ішінде де, сыртында да алады" дейді аты-жөнін айтқысы келмеген үшінші бір жүргізушісі.

Жол ережесін бұзғандар үшін салынатын айыппұл мөлшері азайса, жемқорлық та кең жайылмас еді деп санайтын жүргізушілер де бар.

"Қазақстанда айыппұлдың ең төменгі мөлшері – 8655 тенге. 8 мың тенге айыппұл төлегенше 3 мың тенгені МАИ қызметкерінің қолына ұстатып кете берген мен үшін әлдеқайда тиімді. Сондықтан айыппұл мөлшерін төмендетіп, содан кейін барып жол полициясын бақылауды күшейтсе, заң орындалады. Өйтпесе, барлығы да бос әңгіме күйінде қалады", - дейді Әкімбек.

Есімін атамауды өтінген Алматы облыстық жол-патруль полициясы қызметкерінің айтуынша, хаттаманы тек көлік сыртында ғана толтыру мүмкін емес.

"Күн ашық күндері сыртта тұрып толтырған қолайлы. Бірақ жаңбырлы күндері қалай толтырасың? Әрқайсысын жаңбырдың астында жазып тұрмаймыз ғой", - дейді инспектор.

Инспектордың сөзінше, күніне тәртіп бұзушыны ресми түрде рәсімдеуі үшін кеңседен оған 6-8 хаттама беріледі. Бірақ кейбір күндері бір сағаттың ішінде 10 ереже бұзушыны тоқтатқан кездері болған. Ол көп жағдайда ұсақ-түйек ереже бұзғандарды түсіністікпен жібере салатынын да айтып қалды.

Ақпанның 27-сі күні "Жол жүрісі туралы" заңды екінші оқылымда талқылаған сенат депутаттары заң жобасын мәжіліске қайтарған болатын. Болашақ жаңа заң бойынша көлікті тоқтатуға және тексеруге негіз болатын нақты 8 себеп заң жобасында атап жазылған.

Егер заң жобасы бекітілетін болса, бұдан былай жол полицейінің жүргізуші көлігіне кіріп отыруды өтінуі, не отыруы заңсыз әрекетке айналады.

Ал жол-патрульдік полицияның көлік жүргізушісін тоқтауға себеп болатын сегіз негіз мыналар: 1. Қауіпсіздік белдігін тақпау; 2. Ішімдік ішті деп күдіктену; 3. Жылдамдықты шектен асыру; 4. Қарсы бағытқа шығып кету; 5. Белгіленген басқа жол ережелерін бұзу; 6. Іздеу операциясы немесе жүргізуші анық жол ережесін бұзған жағдай; 7. Көліктің техникалық ақауы анық көрініп тұру; 8. Ұрланған көлікте келе жату.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/306440-zhol-sakshylarynyn-kaltaga-kol-saluyna-zhana-zan-toskauyl-bolmajdy.html