RU

КСРО-дан қалған мұраға иелік ету мәселесі көтерілді

Қазақстандық саясаттанушылар КСРО-дан қалған мұраға иелік ету мәселесін талқыға салды.

Саясаттанушы Мақсат Жақау 1991 жыл декларация бойынша, әр ел өз аумағындағы мүлікке ие болып қалғанын баяндады. Кейбір әскери нысандар келісімшарт арқылы жалға берілді. Сондықтан, КСРО-дан қалған мұра мәселесін қайта қарау мүмкін емес.

Кейде билік ауысқанда кейбір келісімшарттар бұзылып жатады. Бірақ, бұл өте қиындықпен жүзеге асырылады. Неге? Өйткені, аса үлкен стратегиялық маңызы бар обьектілерге қатысты жасалған келісімдерді бір мемлекет қана бұза салады деуге сену қиын.

Егер де, бір ел әлдебір келісімді біржақты бұза салса, бұл қадам геосаяси мәселеге ұласып, күрделеніп кетеді. Қайдан білесіз, мұндай обьектілер белгілі бір дәрежеде сол мемлекеттің тұтастығына, тәуелсіздігіне кепілдік беріп отырған шығар. Қандай жағдайда болса да, бұл эмоциямен шешілетін шаруа емес.

Егер де бір ел "КСРО-дан қалған мұраны өзім иеленемін, алып кетемін" десе, жаңаша дипломатиялық қарым-қатынас арқылы жалға алуына немесе сатып алуына болады.

Саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, Кеңес Одағының шет елдерде елшіліктері, түрлі нысандары, үйлері, құнды құжаттары бар еді. Оның бәрінің заңды мұрагері Ресей болып қалды. Сондай-ақ, Ресей тарапы КСРО-ның барлық қарыздарын мойнына алды. Қысқасы, КСРО барлық мұрасы 1991 жылы шешіліп қойған болатын.

Ал, мұның сыртында қалған мәселелер мемлекеттердің екіжақты келісімі арқылы шешілуге тиіс. Ал, оны 20 жылдан кейін қайта қараудың қажеттілігі жоқ. Себебі, құжаттық, заңдық, экономикалық және саяси мәселелерді толығымен өз шешімін тапқан.

Ал, кейбір шекаралық нүктелер (қазақ пен қырғыз, қазақ пен өзбек, қазақ пен орыс шекаралары) бірте-бірте өз шешімін тауып жатыр. Ресей империялық көзқарасынан айырылмаса, бұл мәселені болашақта көтеруі әбден мүмкін. Бірақ, мұндай талпынысы халықаралық аренада ешуақытта мойындалмайды.

Ал саясаттанушы Нұрлан Сейдін бұл жайт 1991 жылғы Алматы декларациясында қаралып, негізгі мұрагер Ресей деп танылғанын алға тартады. Ал, әр тәуелсіз ел өз аумағындағы бар мұраға және осыған дейінгі иелік еткен шекараға ие болып қалған еді.

Мұра мәселесін ТМД көлемінде қайта қараудың қажеті жоқ. Кейбір жекелеген мәселелерді ғана екі мемлекет арасындағы келісіммен шешуге болады.

Демек, әр ел өз аумағындағы мұраға ие деген сөз. Егер де бұлай болмаса, елдер арасындағы соғыс оты тұтанып кетуі мүмкін.

"КСРО мен Қытай шекарасы арасында шешілмеген 14 нүкте болған екен. Оның екеуі Қазақстан аумағына тиесілі. Бұл нүктелер КСРО-ны былай қойып, қарама-қайшылықтардың салдарынан Патша үкіметі мен Цин империясы кезінде де өз шешімін таппаған екен", - дейді Нұрлан Сейдін.

Ол екі нүкте тәуелсіздік алғанан кейін өз шешімін тапты. Сондықтан да, қандай мәселе болмасын әр ел өзінің мәселесін өзі қарауға тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/306622-ksro-dan-kalgan-myraga-ielik-etu-meselesi-koterildi.html