Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еңбек министрі 2000 теңгеге жетер жетпес әлеуметтік ақыға "шүкіршілік етуге" шақырды

Опубликовано:

Мәжіліс барлық әлеуметтік көмек көлемін көтеру туралы заңды бірауыздан мақұлдады. Енді 1-ші сәуірден бастап зейнетақы, мүгедектер мен көпбалалы отбасылар сияқты жәрдемақының барлық түрі өсетін болады.

Сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлердің де жалақысы көтерілмекші. Бұған қажетті 116 миллиард теңге бюджеттен бөлініп қойған. Алайда, миллиондаған адамның "кірісін көбейттік" деген Үкіметке көпшіліктің көңілі толмай отыр. Бүгін заңды мақұлдап жіберсе де,  халық қалаулылары ақшаны қайта есептеуді талап етті деп хабарлайды КТК арнасы.

Депутаттар Светлана сынды алтын құрсақ аналарға төленетін тиын-тебенді меңзеп отыр. Өйткені, шиеттей бала-шағасын асырай алмай, баспанасыз далада қаңғып жүрген осындай мыңдаған отбасы бар. Олардан түрмедігілердің жағдайы әлде қайда адам қызығарлық. Егер елімізде бір қылмыскерге айына 60 мың теңгеге жуық қаржы бөлінсе, көпбалалы анаға төленетін жәрдемақы 10 мың теңгеге де жетпейді.

"Менің 5 балам бар. Оларға 7 300 теңге аламын. Егер, жәрдемақы 12 пайызға көбейсе, сонда 800 теңгеге қосылады. Бұл балаларға жұғын бола ма? Азық-түліктің бағасы болса шарықтап тұр", - дейді Астана қаласының тұрғыны Светлана Трубицина.

Сондықтан мәжілісмендер көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақыны 12 пайызға емес, екі есеге көбейтуді ұсынды. Мәселен, бала туылғанда берілетін бір реттік төлем 110 мың, ал ай сайын кем дегенде 20 мың бөлінуі керек. Ал, батыр аналарды коммуналдық төлемдерден мүлдем босатуды сұрады.

"Оған қаржыны қайдан аламыз деген сауалға, жыл сайын іске асырылмаған бағдарламалар мен игерілмеген қаржылар бар. Егер де 2013, 2011 жылдарды алып қарасақ 40-50 млрд теңге игерілмей қалып қойып жатыр. Осы қаражатты жәрдемақыға жұмсайтын болса құптарлық болар еді", - дейді Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков.

Алайда, Еңбек министрі әлеуметтік төлемдер үшін биыл онсыз да қазынадан 116 миллиард теңге бөлінгенін және бұл инфляция деңгейіне сай қабылданған шешім екенін айтады.

Ал, коммуналдық тариф пен азық-түлік бағасы қымбаттаса, оған жеке жауаптылардың бар екенін ескертті.10 күннен соң өсетін зейнетақыға да халық қалаулыларының көңілі толмады. Себебі қарияларға қосқаны екі мың теңгеге жетер жетпес. Ал 2 сағат бойы депуттаттармен сөзге келген Еңбек министрі артық ақшаның жоқтығын алға тартты. Тіпті соңында осыған да "шүкіршілік ету керек" дегенді меңзеп кетті.Сонымен, келесі айдан бастап елімізде зейнетақы мен жәрдемақыны 12 пайызға, сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын  10 пайызға  көбейту туралы ұсынысты Мәжіліс бірауыздан мақұлдады. Енді ертең құжат Сенат та қаралады.

Небары бір аптаның ішінде заңға енгізілген  өзгерістерді жоғары палатаның  шұғыл  қабылдайтынына күмән жоқ.  Өйткені президенттің пәрменіне сай, 1-ші сәуірден бастап жұрт  көбейтілген жалақы мен жәрдемақы алуы керек. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/306846-enbek-ministri-2000-tengege-zheter-zhetpes-eleumettik-akyga-shykirshilik-etuge-shakyrdy/

pixel