RU

Жарысқа барған қазақстандық таэквондошылар өзара төбелесіп қайтты (фото)

Таэквондо федерациясындағы кезекті шу. Бұл жолы Тайваньда өткен әлем чемпионатында ұлттық құрама спортшылары өзара жаға жартысып қайтты. Сөйтіп екеуі бірдей жарыстан шет қалған деп хабарлайды КТК арнасы.

Скриншот КТК арнасынанСкриншот КТК арнасынан 

Ашынған ата-аналар бапкерлерді әуежайда айқаймен қарсы алды. Федерация ішіндегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты да сол күту залында ұрыс-керіспен жария етті. Айтуларынша, чемпионатқа аттанған ұлдарының шығынын өз қалталарынан шығарған.

Гүлнар Сағымжанов баласының Алматыға келуін қорқынышпен күтуде. Ананың естуінше, Тайпейдегі сайыста біреулер баласын сабап тастаған. Бірақ кім және қалай болған, оны әзірге ешкім ашып түсіндірмепті.Көп күттірмей, Тайваньнан да ұшақта жетті. Гүлнардың күткен баласының жағы сынбаса да тісінен түгі қалмапты. Мұны көрген ана тіптен жылап сала берді. Сөйтсе, Рақымды тістен айырған, Ринат Қуанышбаев есімді командалас спортшы екен."Қалжыннан қалжың шығып, Тараздың баласы тісімнен ұрды", - дейді 6 тісі түскен таэквондошы Рақым Әділханов.

"Үстіңгілері қисайды, астынғы екеуі түсті. Сөйтіп, сол жақтың дәрігері мені жарысқа қатыстырмады", - дейді ол."Енді міне баламның түрін көріп тұрсыздар. Мен сау бала жіберіп, мүгедек бала қылып тұр мыналар. Өйткені мен баламды Сұранов Мырзағалиге сеніп, қолхат жазып бергем. Жасөспірім, 16-ға кеше ғана толды. Сонда бапкер қайда қарап жүрді?" - дейді анасы.

Ал бұл жайтты бапкерлер жай балалар арасындағы шалалықтан болды деп түсіндіруде. Бірақ сотқарды қатаң жазалаған.

Жаттықтырушылардың кеңесі болды, сөйтіп оны жарысқа шығармадық. Кейін Қазақстан құрамасына да алып тастадық. Қазір барлық қағаздарды, түсініктемелерді жинап, Қазақстан таэквондо федерациясынан өткіземіз

"Жаттықтырушылардың кеңесі болды, сөйтіп оны жарысқа шығармадық. Кейін Қазақстан құрамасына да алып тастадық. Қазір барлық қағаздарды, түсініктемелерді жинап, Қазақстан таэквондо федерациясынан өткіземіз", - дейді Таэквондо федерациясының бапкері Болат Райбеков.

Десе де Таэквондо федерациясына көп ата-ананың реніші бар екен. Әсіресе, билігі өтіп тұрған "Барыс" клубына. Мәселен, осы жолғы сайысқа біраз спортшының ата-анасы өз қалтасынан ақша шығарып, баласын сайысқа жібергенін айтуда."Осы жолы 1300 доллардай шығардық. Ал ол мемлекеттік құрамадағы бала. Әрең дегенде 2 күннін ішінде тауып бердік. Ақша бермесең басқа баланы жібереміз деп, орнына дайындап қойыпты", - дейді ата-аналардыің бірі Кенжегүл Сәтпаева.

Әлем алдында ел намысын қорғап қайтқан құрама осылайша ішкі жанжалмен елге оралды. Әйтпесе, жағымды жағалық та жоқ емес екен. Бұл жолы жас таэквондошылар қоржыны 1 күміспен және бір олимпиада лицензиясымен толығыпты.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/307821-zharyska-bargan-kazakstandyk-taekvondoshylar-ozara-tobelesip-kajtty-foto.html