RU

Қонжықты тірідей талатқан хайуанаттар бағының жыры жалғасты

Жануарларды қорғау ұйымы Қарағанды зоопаркіндегі аю қонжығын ягуарларға талату оқиғасын тексеруді сұрап полицияға арыз жазды. Зоопарк әкімшілігі кінәлілер тиісті жазасын алған дейді.

Наурыздың 16-сы күні Қарағанды зоопаркінде болған оқиға әлеуметтің наразылығына түрткі болды. Қоршаудағы ягуарлар кішкентай балалар мен ересектердің көзінше бір жарым айлық қонжықты талап, түтіп жеді. Жан түршіктірер оқиғаға куә болғандардың айтуынша, қонжықтың темір торлы қоршауын аяқтарымен тырмалап ашып алған ягуарлар сәкінің астына тығылған қонжықты бас салып, талап тастаған. Балалар жылап, ал ересектер зоопарк қызметкерлерін іздеп ары-бері жүгіргенімен, қонжықты құтқаруға үлгермей қалған. Бұл оқиға қоғамда наразылық тудырды. Зоопарктегі оқиғаны өз көздерімен көріп, ашынған жандар әлеуметтік желілерде "енді бұл зоопаркке балаларымызды апармаймыз" деп жазды. Қазақстанда 2008 жылдан бері жұмыс істейтін және 300 волонтері бар "KARE-Қамқорлық" жануарларды қорғау ұйымына болған жайтты тексеруді сұраған азаматтардан бірнеше өтініш түсті. Ұйым президенті Юлия Коваленко Қарағанды облысы ішікі істер департаментінің бастығы Мергенбай Жапаровқа Қарағанды зоопаркі директоры мен жауапты қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап, арыз жолдады.

"Егер қонжық тіршілік ете алмайтындай ауру болса, ветеринар дәрігер тексеріп, дәрі беріп жансыздандыруы тиіс", - дейді "KARE-Қамқорлық" қоғамдық ұйымы заң бастамаларының үйлестірушісі Мария Байділданова.

Басқа зоопарктердің өкілдері баспасөзде "зоопаркте жануарларды жансыздандыру тәжірибеде бар, бірақ өзгеше тәсілдер қолданылады" деп мәлімдеді.

Алматы зоопаркі директорының орынбасары Ерболат Мұқашев хайуанаттарды қызықтау үшін жиналған жұрттың көзінше бір жарым айлық қонжықты ягуарларға талатуды құптамайды.

1938 жылы Қазақстанда алғашқылардың бірі болып құрылған зоопарк әкімшілігі "адамдардың көзінше қонжықты ягуарларға талату ойымызда болған жоқ" дейді. Зоокеңес қонжықты жарамсыз деп танып, ягуарларға жемтікке беру туралы шешім қабылдағанын Қарағанды зоопаркі басшылығы мойындайды.

Жүрегі әлсіз болып туған әлжуаз қонжығынан анасы да жеріп, жоламай қойыпты. Әкімшілік "зоокеңестің шешімін адамдардың, әсіресе балалардың көзінше орындау қателік болды" дейді.

Жыртқыш жануарлар бөлімшесінің меңгерушісі мұны кешкі мезгілде немесе келесі күні, жұрт жоқ кезде жасауы тиіс еді. Мұны әдейі істеген жоқпыз. Салдыр-салақтығынан, дұрыс қадағаланбағандықтан оқыс жағдай болды", - деді Қарағанды зоопаркі директоры Абылай Шуланбаев Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, жыртқыш аңдар бөлімшесі меңгерушісіне қатаң ескерту жарияланып, дер кезінде көмекке келмеген жұмысшы жұмыстан шығарылған.

Зоопарктің жұртшылық және БАҚ-пен байланыс жөніндегі өкілі, орнитолог Светлана Пилюк "мына оқиға бүкіл ұжымның ұнжырғасын түсіріп жіберді, бірақ зоопаркке келушілер азайған жоқ" дейді. Зоопаркті мекендейтін бір мыңнан аса жануардың мұнда  200 түрі бар. Оның 70 пайызы халықаралық табиғатты қорғау одағы, ТМД және Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген. Зоопаркке кіру билеті арзан болғандықтан, мұнда балалар мен ересектер көп келеді.Жыртқыш аңдардың жемтігін алдын ала жансыздандыру әдісі бұл зоопаркте қолданылмайды. Бірақ қоғам өкілдері "қонжықты алдын ала жансыздандыру керек еді" деп есептейді.

"Біз жыртқыштарға тірі жемтік тастау тәсілін қолданамыз. Зоокеңес "ауру, енді тіршілік ете алмайды" деп шешім шығарған аңдарды өлтірмейміз. "Тірі жемтік" деп аталуы да содан. Жыртқыш аң жабайы табиғаттағы сияқты өз жемтігін қуып жүріп ұстауы тиіс қой. Ал мына сұмдық жағдайдың болғаны өкінішті, әрине. Бірақ жұрттың көз алдында бір жануарды екіншісіне ешкім әдейі талатқан жоқ. Ал басқа зоопарктерде мұндай көріністерге адамдарды арнайы шақырады, кейбіреулер тіпті өздері сұранып көреді. Ал біз мұны әдейі істеген жоқпыз ғой, абайсызда болған жағдай", - деді Қарағанды зоопаркінің жұртшылық және БАҚ-пен байланыс жөніндегі өкілі Светлана Пилюк Азаттық тілшісіне. Еске сала кетсек, жуырда Даниядағы зоопаркте Мариус атты керікті арыстанға жемтікке тастаған оқиға болған. Бірақ "KARE-Қамқорлық" жануарларды қорғау ұйымының айтуынша, керікті алдын ала жансыздандырған соң кейін арыстанға берген. Дания зоопаркі қызметкерлерінің бұл әрекетін де Даниядағы зоопаркте әуелі атып жансыздандырып, соңынан арыстанға жемтік еткен Мариус атты керік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/307947-konzhykty-tiridej-talatkan-hajuanattar-bagynyn-zhyry-zhalgasty.html